Мәжіліс төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдейтін азаматтарды саусақ ізін тапсыруға міндеттеу туралы бастаманы заңнан алып тастады. Бірақ бұл талап шетелдік азаматтар үшін міндетті болып қалады, деп хабарлайды Kazinform.
«Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылаған депутаттар осындай шешім қабылдады.
Жалпы, аталған заң жобасында 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстан Республикасының 5 кодексіне және 12 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Бұл заң жобасы 2023 жылғы 4 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған еді. Бұл жолы депутаттар бірнеше түзетулер қосып отыр.
Ол түзетулердің негізгі тезистері мынандай:
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы қызметкерлерінің санаттарын нақтылау;
– өтініштерді кәсіпкерлік субъектілері арқылы әріптестік келісімдер негізінде қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің дайын нәтижелерін беру мүмкіндігін ұсыну;
– Мемлекеттік корпорацияның көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша жеке ақыға қосымша сервистік қызметтер көрсету;
– «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі қатысушыларын орналастыру талаптарын оңтайландыру;
– Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәлігін және (немесе) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алған кезде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеттілігін алып тастау.
«Құжаттарды алған кезде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеттілігі алынып тасталады. Қазақстандықтар тіркеуден өз еркімен өте алады. Бұл ретте дактилоскопия шетелдік азаматтар үшін міндетті болып табылады», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Депутаттар заңды қабылдап, Сенат мақұлдауына жіберу туралы шешім қабылдады.