Диана Құрманова Жастар сарайында өткен мүгедектігі бар адамдарға арналған «Мүмкіндік» облыстық әлеуметтік-құқықтық акциясына кішкентай ұлын жетелей келді.
Ол бір жылдан бері баласына заң бойынша тиесілі ем-шараларға қол жеткізе алмай, түрлі кедергілерге тап болған. Бүгін осы түйткілді мәселені біржола шешу мақсатында арнайы ұйымдастырылған іс-шараға үмітпен келген.
Диана бұл алаңда жалғыз емес. Өмірдің түрлі қиындығына тап болған, құқықтық және әлеуметтік көмекке зәру қаншама тұрғын осында жиналды. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор.

– Жалпы, осындай іс-шаралардың берері көп. Кейде бір ғана сұрақтың жауабын табу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Ал ерекше баламен әр жерге барып жүру оңай емес, – дейді Диана Құрманова.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырылған бұл бастама облыста алғаш рет қолға алынып отыр. Акцияға Қостанай облысының прокуратура органдары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, уәкілетті мемлекеттік құрылымдар, жұмыс берушілер, оқу орталықтары мен волонтерлар белсенді түрде қатысты. Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын тікелей жауапты мамандарға қойып, нақты кеңестер алды.


Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев акцияның ауқымы кең екенін атап өтті.

– Бүгін облыстың барлық қалалары мен аудандарында сағат 15:00-де бір мезгілде осындай іс-шара өтіп жатыр. Бұл азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – азаматтар мен уәкілетті органдар арасында ашық әрі тікелей диалог орнату, – деді облыс прокуроры.
Іс-шараға 150-ден астам мемлекеттік орган, 146 жұмыс беруші кәсіпорын, 12 оқу орталығы, 11 үкіметтік емес ұйым, сондай-ақ азаматтарды ұйымдастыруға және сүйемелдеуге жәрдемдесетін волонтерлар қатысты. Олардың әр қайсысы алдына келген адамның мәселесіне құлақ асып, оның шешілуіне жол ашады.

Бірі денсаулығына байланысты келсе, енді бірі жұмыс, баспана сұрап келген. Бұл жерде өңірдің ірі кәсіпорындары мен жұмыс берушілері қатысып, нақты бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынды.
– Бүгін қаламызда маңызды іс-шара өтіп жатыр. Облыстық прокуратураның бастамасымен көптеген ұйым бір алаңға жиналды. Кейбір мәселелерді азаматтар өз бетімен шеше алмай жатады, дәл осындай жағдайда біз көмекке келуіміз қажет. Қостанай қаласында 9 144 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соның жартысына жуығы – үшінші топтағы азаматтар. Бұл олардың еңбекке араласып, жұмыс істеуіне мүмкіндік бар деген сөз. Бүгін келген әрбір адам өз мәселесінің шешімін тауып, біз тарапымыздан нақты бағыт-бағдар беріледі деп сенемін, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Акция алаңдарда жеке қатыса алатын азаматтарға ғана емес, бүкіл облыс бойынша да бағытталғанын атап өту маңызды. Барлық қалалар мен аудандарда прокуратура органдары мен жұмыспен қамту органдары қызметкерлерінің қатарынан мүгедектігі бар мүмкіндігі шектеулі жандарға атаулы түрде барған көшпелі топтардың жұмысы ұйымдастырылды. Оларға сол жерде құқықтық көмек көрсетілді, әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері түсіндірілді.
– Алдымызға бірнеше азамат өз мәселесін айтып келді. Олардың барлығын тіркеп, жазып алдық. Қала тұрғындарымен қатар аудандардан да келушілер бар. Өз тарапымыздан қажетті көмекті көрсетуге тырыстық. Көп жағдайда адамдар өз құқықтарын толық білмегендіктен, қайда және қалай жүгіну керегін түсінбей жатады. Жалпы, мұндай акцияларды жылына әр тоқсан сайын өткізу артық етпейді. Себебі бір ғана мәселені шешу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Ал денсаулығы сыр беріп жүрген жандар үшін әр басқарманы аралау оңай емес. Бұл алаңда қала әкімі мен облыс прокурорынан бастап, жауапты тұлғалардың барлығы тұрғындарды ашық қабылдап отыр, – деді облыстық мәслихат депутаты Аруна Жақсағұлова.
Соңғы жылдары осы салада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес бірқатар жүйелі шаралар іске асырылуда: цифрлық мемлекеттік қызметтер кеңейтілуде, әлеуметтік төлемдер мен техникалық оңалту құралдарын алу рәсімдері жеңілдетілуде, еңбек құқықтарының сақталуын бақылау күшейтілуде, азаматтарды жеке сүйемелдеу жүйесі дамуда.
Прокуратура органдары бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, олардың алдын алуға, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге де ерекше назар аударады. Бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі принциптерінің бірі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА,
Суреттерді түсірген Василий Васильев
