Мәселе көп, қолдау бар: Ата жұртқа оралған қандастарымыз неге алаңдаулы?

Мәселе көп, қолдау бар: Ата жұртқа оралған қандастарымыз неге алаңдаулы?

Моңғолиядан тарихи отанына әр жылдары көшіп келген үлкен бір шоғыр ағайын Қостанай ауданындағы Мәскеу ауылында тұрады. Олар ата-бабаның кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысады. Кешегі келген қандас ағайын ұрпақ өрбітіп, әбден жергілікті жерге тастай батып, судай сіңген.

 Мәселе – шабындық пен жайылымның жайы

2017 жылы Азат Миштаридің бастамасымен ауылда «Болашақ-2017» деген ат қойып, сүт пен ет өндіретін ауылшаруашылық жекеменшік кооперативін құрды. Бұл айтуға оңай іс еді. Сондықтан оның құжаттарын реттеу жұмыстарының басы-қасында Мәскеу ауылдық округінің әкімі Нұрлан Кузайбин жүрді. Кооператив мүшелері 24 миллион теңге кредит алып, оған 64 бас сиыр сатып алды. Міне, содан бері Қостанайдағы «Милх» сүт зауытына тонналап сүт өткізіп келеді. Еңбектің қайтарымы да көңілден шықты. Орта есеп бойынша, кооператив жылына орташа 700 тоннадай сүт құяды. Оған субсидия беріледі. Бүгінде кооперативте 300 бас қара мал, 600 бас қой, 70 бас жылқы бар.

Бірақ, кооперативтің өзекті мәселелері де жоқ емес еді. Ол шабындық пен жайылымның жайы, айнала егін, жер тар. Кооператив мүшелері аудан басшылығына осы мәселемен жыл да баратын, бірақ өзекті істің оң шешімі болмады. Тағы да кооператив мүшелері «Отандастар қоры» өкілдеріне осы мәселені айта келді.

«Бізде мал жайылымы мен шабындық мәселесі алаңдатады. Жылдан жылға осы мәселені жергілікті билік өкілдері болсын, барлық жерде көтерудеміз. Мал жайылатын жайылым жоқ. Жан-жағымыз егін. Алғаш көшіп келгенде, бос жатқан жерлер көп еді. Енді шаруа қожалықтары жыл сайын жерлерін кеңейтіп жатыр. Осы мәселені шешіп берсеңіздер екен», – дейді ауыл тұрғыны Азат Миштари.

Азат Миштаридың сөзін ауылдықтар да қостады.

«Ауылдың ақсақалы ретінде, елдің жақсы жағын айтайын. Қостанай жеріне 1998 жылдың тамыз айында келіп орналастық. Ол кезде немістер көшіп жатқан, әрі-сәрі кез еді. Монғолиядан да, Қазақстанның басқа да түкпірінен келген жақын-жуықты тарттық. Бірнеше отбасы тіршілік етіп жатырмыз. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған тұста келген едім. Содан бері Қазақстан қандай болды, нені басынан өткерді, соның бәрін көзімізбен көрдік. Біз келгенде біраз қиындықтары да болды. Совхоздарда ақша болмай, бір қап ұнды бөліп жеген кездерді бастан өткердік. Шүкір, елдің ауқаты түзеліп, ұрпағымыз осы жерде өсіп-өніп, шаруасын істеп жатыр. Бізді басқа елден келді деп кемсіту болған жоқ. Осы қиындықтарды басымыздан өткердік. Халықпен бірге, мына ауыз судың өзін ана станциядан ат арбамен тасушы едік. Ол кезде жарық 2-3 сағат, кейде күні бойы болмайтын. Электричка қалаға екі мезгіл қатынайтын. Қазір ауылымызға төрт автобус қатынайды. Ол кезде екі үйдің сүтін алып, Қостанайдың көк базарына барып сататынмын. «Адам жамандыққа төзеді, ал жақсылыққа ойланбастан көнеді» дейді ғой казір сүті есігімізден алып кетеді, көлік жүріп тұр, жарық жанып тұр. Әркім өз шамасына қарай өз еңбек етуде. Қолда малы барлар мал өсіріп жатыр. Ауылымызда бірнеше шаруа қожалықтары бар. Балаларымыз сонда жұмыс істеп жүр. Ал қалғаны малмен күнелтуде. Бізде сол екі мәселе – бірі жайылымдық жер мен шабындық жер. Осы мәселені шешіп берсеңіздер екен, – дейді ауыл тұрғыны Толағай Миштари.

ҚР СІМ «Отандастар» қорының өкілдерімен еріп келген ауыл әкімі Нұрлан Кузайбин бұл сауалға бұрыннан қанық болып шықты:

     «Проблема бар, бірақ бір күн ішінде шешілмейді. Қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Қазір жайылым жер мәселесін шешу қарастырылуда. Биыл біз ауыл бойынша аукцион өткізілмеді. Алдағы жылы аукционға біздің аудан басшылығы құжаттар дайындап жатыр. Бұл жерде мәселе бар. Аукционға қатысу үшін белгілі бір талаптары бар. Заң тұрғысында. Ол жағынан келгенде ағайындардың оған қатысуға мүмкіндігі шектеулі, – дейді ауыл әкімі.

 

Атажұртты аңсап жүргендерге: жеңілдік те, қолдау да көп

«Отандастар» қоры екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – шетелде тұратын қазақтардың арасында ұлттық мәдениетті жаңғырту, олардың іс-шараларын қолдап, жәрдем беру. Екіншісі – отанға оралған қандастарға консултациялық көмек көрсету. Яғни қандас мәртебесі берілгеннен Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі аралықтағы көмек көрсетумен айналысады.

«Қандастар көп орналасқан Рудный қаласында, одан әрі Б.Майлин атындағы ауданында, облыс әкімінің орынбасарының қабылдауында болдық. Осы көшіп келіп жатқан қандастарды бейімдеу туралы ақпарат алмастық. Ортаға сіңіп кетуі жақсы бейімделген екен. Себебі, өзінің бизнесін ашқан адамдар бар немесе  кен байыту орнында жұмыс жасап жатқандар да бар. Биылғы жылдың өзінде әлеуметтік көмекпен 900-ден астам қандас қамтылған. Қостанайға келушілердің қатары Монғолия мен Өзбекстан елдерінен. Бізге көбіне Қазақстан азаматтығын алу, жұмыспен қамту, тұрғыны үй, көлікті тіркеуге қою мәселесі жайында жөнінде көмекке сүйенеді. Екі аудан, бір қалада болдық, тіл жағынан  сұрақ туындаған жоқ. Бірақ, қандастарды тілге бейімдеу туралы орталықтар ашылу керек. Мәселен, Павлодар облысында сондай орталық ашылды. Оны Қостанай өңірінде ашу туралы ұсыныс жасалды. Ол қарастырып жатыр. Көбі оңтүстік өңірге көшіп келіп, тұрақтанып жатады. Себебі, ол жерде туыстарының көп шоғарылануы, әрі ауа-райы қолайлы болуына байланысты», – дейді ҚР СІМ «Отандастар қоры» департаменті директорының орынбасары  Еркебұлан Меңлібаев.

Сондай-ақ, ол этникалық қазақтарға мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып өтті.

«Егер Атажұртқа оралғысы келетін қандастар болса, арнайы квота бөлінеді. Қазір әрбір отбасы мүшесіне 214 мың теңгеден бір реттік көмек беріледі. Мысалы бір отбасыда бес адам болса, бала-шағасын бәрін есептегенде, 1 миллионның үстінде қаражат алады. Бұл қайтарымсыз. Сонымен бірге, 12 айға тұрғын үйді жалға алу үшін және коммуналдық қызмет түрлерін төлеуге әр шаңыраққа 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде субсидия беру қарастырылған. Биылдан бастап жаңадан әлеуметтік көмектің түрі шықты. Үкімет белгілеген аймақтарға қоныстанатын қандастарға арналған. Яғни, оның тұрғын үй сатып алу үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Мәселен, сіз сегіз миллион үйін сатып алатын болсаңыз, оның елу пайызын, яғни, 4 миллионын мемлекет өтеп береді. Қалған елупайызы өз қаражатынан төленеді. Мәселен, бес миллионың үйін алатын болсаңыз, оның екі жарым миллионын мемлекет төлейді.Бұл да үлкен көмек», – дейді ол.

Астаналық қонақ құжаттандыру бойынша азаматтық алу алты ай қаралатын болса, енді екі есеге қысқарғанын айтады.

«Құжаттарын тапсырғаннан кейін үш айдың ішінде азаматтық алып жатқандар бар. Соңғы екі жылда құжаттар саны екі есеге дейін қысқарды. Қазір ақпараттарды алу тиімді. Себебі қазір цифрландыру технология. Барлығы базада тұр. Тек өздерініздерге қатысты құжаттар заңды болса, онда кедергісіз азаматтық ала алады. Қандастарды ақпаратты қолдау бағытында 1404 байланыс орталығы бар. Хабарласу тегін. Қандастар тарапынан көші-қонға байланысты сұрақтар бойынша жұмыс жасаймыз. Бұдан бөлек, Қазақстан бойынша 15 өңірде өкілдері бар. Яғни, осы өңірге келген қандастарға әкімдікпен бірлесіп,  жан-жақты ақпараттық көмек көрсетіледі», – дейді Еркебұлан Меңлібаев.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу