Лисаков қаласында Республика күніне орай бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жаңа пәтердің кілті табыс етілді.
18 қазанда Республика күні мерекесі қарсаңында Лисаков қаласының бюджеттік ұйымдары қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Қайта жаңартудан кейін салынған жаңа ғимараттағы қызметтік пәтерлердің кілтін Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев табыс етті. Жаңа үйде 5 бір бөлмелі, 10 екі бөлмелі және 6 үш бөлмелі 21 пәтер бар. Тұрғын үй-жайлардың жалпы ауданы – 1600 шаршы метр.
Пәтерлерді бөлу қаланың әртүрлі салаларының қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілді. Ең көбі, яғни 9 пәтер медицина қызметкерлеріне берілді. Сондай-ақ мұғалімдер мен басқа да бюджеттік ұйымдардың, соның ішінде мәдениет, спорт және құқық қорғау органдарының қызметкерлері баспаналы болды.
«Мен Лисаков қаласына 2016 жылы оқу грантын өтеу үшін келген болатынмын, бұл қала ұнағаны сонша, кейіннен осында қалуды жөн көрдім, – дейді №1 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Әсел Тауқанова. – Бір қиындығы жеке баспананың жоқтығы болды. Бірақ қазір кәсіби мамандардың мемлекеттік қолдауының арқасында арманым орындалды. Бұл – қаламыздың игілігі үшін жұмысты жалғастыруға үлкен ынталандыру».
Тұрғын үй салумен қатар, айналаны абаттандыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Үйдің бойына 330 шаршы метр брусчатка төселді, жақын жерде жаңа балалар ойын алаңы жабдықталған. Сондай-ақ ғимараттың артында ауданы 1,1 мың шаршы метр автотұрақ бар, бұл тұрғын үйді болашақ тұрғындары үшін одан да ыңғайлы етіп отыр.
Абай Ибраев жұмысы қоғам үшін маңызды қызметкерлерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз қаламыздың игілігі үшін еңбек етіп жатқан әрбір адамның үлесін бағалаймыз және жаңа пәтер беру арқылы сіздерге қолдау көрсетуге қуаныштымыз», – деді ол өз сөзінде.