29 июня, 2025
Күйген орман – күйреген кәсіп: қайтпек керек?

Күйген орман – күйреген кәсіп: қайтпек керек?

Осыдан үш жыл бұрын Аманқарағай аумағын бұрын соңды болмаған өрт шарпыды. Апат шамамен 40 мың гектарды қамтып, ормандар мен елді мекендер зардап шекті. Содан бері бірнеше жыл өтсе де өртенген ағаштардың тек тең жартысы ғана тазартылған. Енді қалғанын уақытында кесу үшін арнайы рұқсат керек.

Бүгінде өртенген орманды тазалау жұмыстары аукцион өткізу арқылы жүзеге асады. Мамыр айының соңы болса да, рәсімдік мәселелерге байланысты барлық аукциондар әлі өткізілмеген. «Ағаштарға құрт түссе ол қажет болмай қалады. Табиғатқа да залалын тигзуі мүмкін» деп дабыл қағуда кәсіпкерлер. Бұл іске білек сыбана кіріскен 150  бригада қазір қол қусырып отыр.

Мемлекет басшысы қысқа мерзімде орман ішін тазартып шығуды міндеттеген еді. Жұмыс қызу басталды. Арнайы рұқсаты бар бригадалар ағаш кесумен айналысты. Аудан орталығында  70-ге жуық  ағаш тілгіш цехтар ашылды. Енді соның бәрінде жұмыс тоқтап тұр. Жыл басынан ағаш кесуге тыйым салынған көрінеді.

Мамандардың айтуынша, күйген ағашты үш жылдың ішінде кесіп алу керек. Одан кейін шіріген тал ешқандай кәдеге жарамай қалады. Өрт шалған алқапта жас өскіндер бүр жара бастаған. Тал-шыбықтың тамырланып кетуі үшін орман ішін күйген ағаш қалдықтарынан тезірек тазарту маңызды болып тұр.

Ардақ Нұрғазин – орманшы. Ол 2008 жылдан бері «Семиозер» орман шаруашылығында еңбек етіп келеді. Орман тынысын, табиғаттың заңдылығын жақсы білетін маман бұл саланың қиындықтары мен жауапкершілігі мол екенін айтады.

 – Әрине, өрт шалған ағаштарды дер кезінде кесіп, іске жаратпасақ, кеш қаламыз. Жыл өткен сайын ағаштың сапасы төмендей береді, ақыры керексіз болып қалуы мүмкін. Бұл мәселе шешілсе, тиімді болар еді. Негізі табиғат адамның көмегінсіз-ақ біртіндеп қалпына келеді. Қазірдің өзінде орманның елу пайызы тазартылды. Кәсіпкерлерді де түсінуге болады – олар ағашты кесіп, өз қажетіне жаратады, пайда табады. Бірақ олардың артынан орманды ретке келтіретін біз, – дейді Ардақ Нұрғазин.

Ол бұл істің сырт көзге жеңіл көрінетінін, бірақ шын мәнінде үлкен еңбек пен табандылықты қажет ететінін алға тартады.

 – Қалдықтарды өртеп, орнына көшет отырғызу керек. Бірақ ағаш егу – жай ғана отырғызып кету емес. Оны күтіп-баптап, өспегінен бастап тәрбиелеу қажет. Бұл – ауқымды жұмыс. Уақыт өте бәрі де орнына келеді. Бірақ біз ең алдымен өз жағдайымызды емес, орманды ойлауымыз керек. Ауру шықпауын бақылауымыз қажет. Қазір, шүкір, орманда ауру жоқ. Бірақ құлаған ағашқа түрлі зиянкестер жиналады. Солардан ауру тарауы мүмкін. Әзірге орманда жағдай тұрақты, – деп сөзін түйіндеді тәжірибелі орманшы.

Өрт шалған ағаштарды тез арада іске жаратпаса уақыт озған сайын оның сапасы төмендеп, оларды кәдеге жарату мүмкіндігі азая түседі. Зиянкестер мен құрттар шірітіп, мүлде жарамсыз етіп жіберуі мүмкін. Бұл – тек экономикалық емес, экологиялық тұрғыдан да күрделі мәселе.

Қазіргі таңда бұл аумақтарда жұмыс толығып тоқтап тұрған жоқ. Орман ішінде бірнеше бригада атқарып жатыр. Ол «Басаман» және «Семиозер» орман шаруашылығымен келісілген дүние. Ал осыдан екі жыл бұрын істі тездету үшін сырттан тартылған кәсіпкерлердің ісі тоқтап тұр. Нәтижесінде, ағаштарды кесу, өңдеу және тасымалдау жұмыстары жүзеге аспай отыр. Мәселенің шешімін табу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық тетіктерді қайта қарап, тиімді шешімдер қабылдау қажет. Ал олар қаншама техниканы несиеге алып, сан соғып қалдық деп жанайқайларын жеткізуде.

Солардың бірі Бәкібай Омаров. Ол орман шаруашылығымен айналысып жүрген жеке кәсіпкер. Соңғы үш жыл бойы өрт шалған алқапты тазалауды кәсіп еткен. Қазір оның бригадасында 22 адам бар. Алайда олардың бәрі де жұмыссыз отыр.

– Жыл сайын ақпан айында аукцион өткізіліп, біз өз жұмысымызды дер кезінде бастап кететінбіз. Биыл бұл үрдіс кешігіп жатыр. Бұл мәселені айтып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына да бардық. Бірақ, өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Аукционды тез арада өткізіп, нақты талаптарын жарияласа екен дейміз. Біз дайындалып, ұйымдасуға әзірміз, – дейді кәсіпкер.

Оның да айтуынша, орманның қазіргі жағдайы алаңдатарлық.

– Ағаштар түбінен шіріп, өздігінен құлап жатыр. Ал ол құлаған соң жерден ылғалды тартып алады. Соның кесірінен ағаш толықтай шіріп кетіп, оны сату түгілі, жарамды күйде алып шығу мүмкін болмай қалады. Сапасы күрт төмендеп кетеді. Уақтылы игермесек, табиғи ресурстан айырылып қаламыз, – дейді ол.

Лизингке алған техникасы да босқа тұр.

 – Барлық тракторларым лизингке алынған. Қаншама станоктарым бар – бәрі де бос тұр. Несиеге алдық. Ал жұмыс болмаса, оны қалай өтейміз? Мен ғана емес, мен сияқты кәсіпкерлер де тығырыққа тіреліп отыр. Біз орманнан пайда табумен қатар, оны қалпына келтіруге, қайта түлетуге де дайынбыз. Тек бізге нақты мүмкіндік пен қолдау қажет, – дейді ол.

Әңгімеге араласқан кәсіпкердің бірі Жаңаберген Бердіғожин де бар мәселені айтып жеткізуде.

– Мен де қазір жұмыссыз қалғандардың бірімін. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Ешқандай нақты ақпарат жоқ. Егер заң талаптары өзгеретін болса, бізді алдын ала хабардар етіп, түсіндірсе, соған қарай дайындалар едік. Бірақ, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік болмай тұр. Қазір орманда комплексті бригадалар ең қолайлы, жақсы жерлерді алып, еш кедергісіз жұмыс істеп жатыр. Ал бізге неге рұқсат жоқ? Оларға қандай талап қойылғанын білмейміз. Бұл жерде әділетсіздік бар сияқты көрінеді. Біз тек әділдік болғанын қалаймыз. Біз орманды тек кесіп кету үшін емес, оны толықтай тазалап, ретке келтіру үшін жұмыс істейміз. Қайтадан көшет отырғызуға да қарсы емеспіз. Қазір ағаштар өздігінен құлап жатыр. Ал олар құлаған соң, ол жерге кіру де қиындай түседі – техниканың жүруі, ағашты шығару күрделенеді. Соның салдарынан бәрі ысырап болады. Бұған жол бермеу үшін уақытында әрекет ету қажет. Біз дайынбыз. Тек мүмкіндік берілсе болғаны, – дейді ол.

Жалпы бізбен кездесуге елуге жуық кәсіпкер жиналды. Олардың барлығы да бір ғана мәселені – орман алқаптарын тазарту жұмыстарына қатысты туындаған қиындықтарды көтерді. Кәсіпкерлердің айтары бір мәселе. Ендігі үміт – алдағы уақытта өтетін аукционда. Дәл сол аукцион бұл мәселенің шешімін анықтайтын негізгі тетік болмақ. Алайда оның нақты қашан өтетіні және қандай талаптар бойынша жүргізілетіні әзірге белгісіз.

Еділ Жаңбыршин,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 – Қазіргі уақытта бұл – еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі өрт шалған орман алқаптарындағы ағаштарды дер кезінде кесіп, оларды кәдеге жарату – утилизациялау – күн тәртібінде тұр. Мыңдаған гектар орманды қалпына келтіру – өте ауқымды әрі кешенді міндет. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, мәселе Үкімет деңгейінде жан-жақты талқылануда. Шешімін қажет ететін түйткілдер аз емес. Мәселен, аукциондарда ұсынылатын бағалардың инвесторлар үшін тиімсіз екені айтылды. Бұл – бизнестің де, экологияның да мүддесін ескере отырып, тиімді жол табуымыз қажет екенін көрсетеді. Сондықтан біз қазір бұл мәселені шешудің нақты тетіктерін қарастырып жатырмыз. Заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болар. Жалпы, біз бұған дейін орман заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіп, өрттен зардап шеккен орман алқаптарындағы ағаштарды кесуге және оларды пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастырған едік. Бірақ бұл процесті нақты әрі тиімді етіп жүзеге асыратын механизмдер әлі де пысықтауды қажет етеді. Сондықтан бұл мәселе – шұғыл әрі басымдық берілетін ұлттық деңгейдегі міндет. Біз халықтың да, кәсіпкерлердің де үнін естіп отырмыз. Бастысы – әділеттілік пен жауапкершілікке негізделген шешім қабылдау.

 Талғат Хасенов, кәсіпкер:

– Менің қарамағымда 30-дан астам адам жұмыс істейді. Қаншама азамат техника алып, несиеге кіріп отыр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бірақ қазір техникамызға да қауіп төніп тұр – ұрлық көбейді. Орман маңында тұрған техникаларды ұрлап кетіп жатыр. Біз оны күзете де алмаймыз. Қазір орман шіріп, желдің күшімен ағаштар құлап жатыр. Қолдан келгенше орман ішін тазалап, қалған ағаштарды жинап жатырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз орманды қалпына келтіруге қарсы емеспіз – керісінше, соған мүдделіміз. Комплексті бригадалардың жұмыс істеп жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. Олар орман ішінде емін-еркін жүр. Сонда бізге неге рұқсат жоқ? Біз де орман үшін еңбек етіп жүрміз. Осы сұраққа нақты жауап алғымыз келеді. Мұнда жүргендердің бәрі – қарапайым халық. Орманды пайда үшін емес, өмір сүру үшін игеріп жүрміз. Егер бізге: «Тазалаңдар, арттарыңды жинақтап, көшет егіңдер», – десе, қуана келісер едік. Тіпті ағаштардың орнын жағалай көшет егіп, орманды қайта түлетуге дайынбыз. Біз орманға зиян келтіргіміз келмейді. Керісінше, орман болашағына үлес қосқымыз келеді.

Екатерина Клопова,
Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

 – Қазіргі таңда көптеген бригадалардың орманда жұмыс істеуге қажетті заңды құжаттары жоқ. Яғни, олардың қызметі қолданыстағы құқықтық нормаларға сай келмейді. Бұл мәселе алғаш рет былтыр желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен көтеріліп, заңдылықты анықтау мақсатында ормандағы барлық жұмыстар уақытша тоқтатылған болатын. Ендігі кезеңде бұл мәселе аукцион арқылы шешіледі. Қазіргі уақытта тиісті Министрлік бұл сұрақты қарастырып жатыр. Аукционға қандай талаптар қойылатыны әзірге нақты белгісіз. Бірақ бір жайт анық: орманда жұмыс жүргізетін кез келген кәсіпкердің барлық құжаттары талапқа сай әрі толық болуы шарт. Қандай да бір рұқсат тек заң аясында ғана беріледі. Иә, өртенген орман алқаптарында қазіргі кезде тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Оның бәрі заңды. Бірақ бұл жұмыстарды жеке кәсіпкерлер емес, орман шаруашылығына қарасты ресми бригадалар – нақты айтқанда, «Басаман» және «Семиозерный» орман шаруашылықтары жүргізуде. Олар өз техникасымен, жалдамалы жұмысшыларымен орманды тазартып жатыр. Бұрын өрт көлемі ауқымды болған кезде, біз уақытты жоғалтпау үшін жеке кәсіпкерлердің көмегіне де жүгінгенбіз. Бұл – орманды тезірек қалпына келтіру үшін қабылданған уақытша шара еді. Алайда кейін құқық қорғау органдары тарапынан тексерулер жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Соның салдарынан жеке кәсіпкерлердің қызметі тоқтатылды. Өрттен зардап шеккен орманға көмек керек екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан сол кезде жеке кәсіпкерлерге де рұқсат беріліп, белгілі бір баға бекітілген еді. Бірақ, өкінішке қарай, олардың басты мақсаты – пайда табу. Ал біздің негізгі ұстанымымыз – орманды сақтау, оны қалпына келтіру. Бәрі демесем де, арасында жұмысты адал әрі сапалы атқармаған кәсіпкерлер де болды. Көп жағдайда олар тазарту жұмыстарын толық аяқтамай кетіп, қалған шаруаны орманшылар аяқтауға мәжбүр болды. Осыған байланысты туындаған мәселе көп және оларды жан-жақты саралап, заң аясында шешу қажет. Біз де бұл мәселенің барлық тарапқа тиімді әрі әділ шешілгенін қалаймыз. Алайда заңнан тыс әрекет жасай алмаймыз. Егер алдағы уақытта аукцион өткізілетін болса, кез келген адам заңға сәйкес қатыса алады. Бұл жағдайда бағаның өсуі де ықтимал. Бұрын белгілі бір баға белгіленетін, ал қазір жер учаскесінің көлеміне байланысты баға әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қазіргі сәтте нақты ештеңе айта алмаймыз. Барлық сұрақтар тиісті органдардың шешіміне байланысты болады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек