Қостанай облысында биылдыққа иесіз ит-мысық тістеп алған адамдар саны күрт көбейген. Салдарынан қарапайым адамдар зардап шегіп, денсаулығына кәдімгідей зиян тиген.
Қазір иесіз жүрген бұралқы ит пен мысық аза емес. Тамақ іздеген төрт аяқтылар топталып алып, бала түгел ересектердің де зәре құтын қашырады. Әсіресе, ойын балалары үшін қауіпті. Ашқұрсақ ит бала тұрмақ ересектерге де тап беруі бек мүмкін. Мұндай жануарлар ауру жұқтырады дейді санитарлар. Тіпті, тістемей-ақ сілекейі, тырнағы тисе де құтырма ауруын жұқтырып, тасымалдайтын көрінеді. Тобыл-Торғай төңірегіндегі эпидемиологиялық ахуал жайлы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмат Байкенов айтты.
Биылғы жылдың соңғы алты айының қорытындысында жануарлар тістеп, соның салдарынан жарақат алған адамдар саны 310-ға өскен. Жыл басынан бері иесіз жануарлардан зардап шеккен 1733 адам медициналық мекемелерге жүгініп, тиісті көмек алыпты. Ал былтыр 1423 адам есепке алынған. Екі жылды салыстырғандағы көрсеткіштің айырмашылығын байқаған шығарсыз. 257 адамның жарақаты әртүрлі, яғни, басы, мойыны, қолы, саусағы, жыныс мүшелерінің аумағын әлгі бұралқы ит-мысық тістеп алған.
Құтырма ауруының вирусы жануардың сілекейі арқылы бөлінеді. Адамды қауып алғанда, тырнағанда, сыдырылған жерге сілекей жұғып, одан кейін құтырма вирусы тарайды. Жарақатқа түскен вирус жұлын мен миды және барлық ағзаны зақымдайы. Аурудың алдын алу үшін тез арада медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы антирабиялық екпе жасату қажет. Биылғы жылдың алты айында Қостанай қаласында 603 адамға құтыруға қарсы екпе тағайындалды. Соның екеуі екпе жасатудан үзілді-кесіл бас тартып, алты адам вакциналау курсын өз еріктерімен тоқтатқан. Осылайша 595 адам вакциналау курсын толық аяқтады. Еліміз бойынша иесіз жануарлардың жарақатына қарсы вакциналау курсы 5 антирабиялық екпе салудан тұрады. Қытайлық СПЕДА екпесінің алғашқы дозасы зардап шегуші медицина мекемесіне жүгінген күні салынады. Одан кейін үшінші, жетінші, он төртінші және жиырма сегізінші күндері салынады.
– Қостанай қаласында адамға шабуыл жасаған жануарларды оқшаулау және 10 күн ішінде ветеринарлық дәрігердің бақылауын ұйымдастыру мәселесі шешілген жоқ. Жануарлардың иелері оларды ветеринарлық станцияға өз беттерінше әкеліп, тексертуге және біздің мамандардың қажет болса азаматтардың үйлеріне барып, қызмет көрсетуіне ақы төлеуге қиналады. Оның салдарынан қарапайым тұрғындар жапа шегеді, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақыла басқармасының басшысы Алмат Байкенов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков
