1 июня, 2025
Красносельское ауылындағы ауыз су дауы: халық 1437,60 теңгелік тарифке қарсы

Красносельское ауылындағы ауыз су дауы: халық 1437,60 теңгелік тарифке қарсы

Бейімбет Майлин ауданына қарасты Красносельское ауылында биыл сәуір айынан бастап ауыз судың тарифі күрт қымбаттап, тұрғындар наразылығын тудырды. Бұған дейін бір текше метр су үшін 917,40 теңге төлеп келген ауыл халқы енді бұл қызмет үшін 1437,60 теңге төлеуге мәжбүр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай олар үшін үлкен салмақ салып отыр. Ең ауыр тиетіні – табысы төмен, зейнетақымен күн көріп отырған қарттар мен көпбалалы отбасылар.

Красносельское ауылының тұрғыны Ғабит Қалиев мәселені былай түсіндіреді:

«Сәуір айынан бастап су тарифі 1437,60 теңгеге өсті. Қалайша мүмкін? Бұрын бір текше метр суға 917,40 теңге төлеп келдік. Енді тариф төмендеудің орнына керісінше шарықтап кетті. Суды пайдаланбасақ та, бес мыңнан кем төлемейміз. Бұл ауылда шамамен 200 адам тұрады, әр үй бес мыңнан төлесе, бұл ай сайын екі миллион теңге деген сөз. Ал кейбір адамдар 18 мың теңгеге дейін су үшін төлеп отыр».

Осыған ұқсас пікірді ауыл тұрғыны Наталья Литвиненко де айтады:

«Бізге Тобыл елді мекенінен су берілуде. Өткен жылы тариф 917,40 теңге болған, бірақ биыл аяқ астынан 1437,60 теңгеге қымбаттады. Су беру жүйесі КНС балансына енбеген, сол себепті нақты жауап жоқ. Тарифтің неге бұлай көтерілгенін түсіндіре алмай отыр. Антимонополиялық комитетке арыз жаздық, бірақ нақты түсініктеме жоқ. Басқа ауылдарда су арзан, ал бізде ең қымбат», — дейді ол.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, зейнеткер Гүлсім Байтақова ай сайынғы шығынын былай есептеп берді:

«Жаз шықса, бау-бақша егеміз. Былтыр 900 теңгеден төлеген кезде де ай сайын 15 мың теңгеден шығындалдым. Қазір бұл сома шамамен 20 мың теңгеге жетеді. Ал зейнетақым – бар болғаны 114 мың теңге».

Красносельское ауылының су жүйесі 1960 жылдан бері жаңартылмаған екен. 2018 жылы тұрғындар құдықтан жеке күштерімен су тартып алған. Ал, 2022 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталып, 2023 жылдың желтоқсанында аяқталған. Дегенмен, тұрғындар әлі де сапалы әрі қолжетімді ауыз су мәселесін шешілмеген күйде қалып отырғанын айтады.

«Су құбыры тартылғанда Целинный көшесінің жолыын қазып кеткен еді, кейін қалпына келтірмейді. Менің үйім осы жерде тұрады. Көктем кезінде әрі-бері өту қиындап кетеді. Бұл мәселені Әйет ауылында өткен жиналыста да көтердік, бірақ еш нәтиже шамалы», – дейді ауыл тұрғыны Светлана Гравовская.

Мәселеге қатысты Бейімбет Майлин ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Аяпберген Сайлыбаев түсініктеме берді:

«Красносельское ауылындағы сумен жабдықтау жобасы заңнамаға сәйкес әзірленіп және қажетті сараптамалардан кейін 2021 жылы қайта құру жұмыстары басталып, 2023 жылы пайдалануға берілді. 2023 жылғы 29 желтоқсанда нысан пайдалануға берілді. 2024 жылдың ақпанына дейін ауыл халқы суды тегін пайдаланды. Ал 2024 жылғы 23 ақпаннан бастап бір жыл мерзімге уақытша тариф бекітілді. «Тобыл» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне тұрақты тарифті бекітуге өтінім жолдады. Бұрын қолданылған тарифтік сметада Красносельское ауылын сумен жабдықтауға арналған жылдық шығын 25 284,24 мың теңге. суды сату мөлшері 30,83 мың текше метр деп көрсетіліп, тариф 820,12 теңге (ҚҚС-сыз) болып есептелген.
Оның айтуынша, су тұтыну көлемінің төмен болуына байланысты бастапқы есеп бойынша жоспарланған 30,83 мың м³ судың орнына 2024 жылы тек 15,553 мың м³ ғана пайдаланылған. Соған сай жылдық шығындар қайта есептеліп, тариф 1437 теңге (ҚҚС-пен) болып бекітілген».

Аяпберген Сайлыбаевтың айтуынша, тарифтің жоғары болуы уақытша ғана. Қазір су жүйесін субсидиялау үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр.

Алайда «Қостанайсельхозводопровод» мердігер ұйымының құжаттарды уақтылы тапсырмауы рәсімдеуді кешіктірілді. Қазіргі уақытта нысанды Бейімбет Майлин ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің балансынан «Бейімбет Майлин ауданы тұрғын үй-коммуанлдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өткізу процесі жүріп жатыр. Нысанды бір бөлімнен екіншісіне өткізу процесі аяқталғаннан кейін ғана субсидия алуға өтінім беріледі. Бұл 2025 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр.

Красносельское ауылындағы су мәселесі – бүгінгі ауыл тұрмысының күрделі көрінісі. Тіршілік нәрі сияқты ең негізгі қажеттілік үшін халық шектен тыс ақша төлеуге мәжбүр. Әкімдік субсидия болады деп уәде еткенімен, қазірдің өзінде ауыл халқы әр ай сайын әжептәуір шығынға тап болуда. Бұл жағдай халықтың наразылығын тудырып отыр. Ең бастысы – уәде етілген көмек пен субсидияны созбалаңға салмай, нақты шешім қабылдау. Әйтпесе, ауылдастар тіршілік нәрін ішудің өзі үлкен қиындыққа айналмаса дейді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Бейімбет Майлин ауданы,
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК