Әр жүргізуші тегіс асфальтпен келе жатып, дөңгелегінің астында не жатқанын сирек ойлайды. Көпшілік үшін жол жабыны – көкжиекке созылып жатқан қара жолақ қана. Ал Қостанай облысы бойынша жол активтерінің ұлттық сапа оратлығының мамандары үшін автожолдың әрбір учаскесі – сапасы миллиметр мен грамға дейінгі дәлдікпен бағаланатын күрделі инженерлік «қабаттардан» тұратын құрылым.
Бірінші кезең: Тексеру жұмыстары тікелей құрылыс нысанында басталады. Жолшылар жаңа жабынды төсеп, оны нығыздағаннан кейін, нысанға ұйымның жылжымалы зертханасы келеді.
Бұл кезеңдегі негізгі құралдардың бірі – керн алғыш құрылғы. Бұл арнайы бұрғылау аппараты жаңа төселген жол жабынынан цилиндр пішінді үлгі – кернді ұқыпты түрде кесіп алады.

«Керн – жол учаскесінің өзіндік паспорты, – дейді инженерлер. – Одан: төселген қабаттың қалыңдығын, оның қаншалықты нығыздалғанын және асфальтбетон қоспасының қаншалықты сапалы араластырылғанын бәрін байқауға болады. Егер мердігер битумды үнемдеген болса немесе асфальтты катокпен жеткілікті деңгейде нығыздамаса, мұның бәрі керннен бірден көрінеді».
Алынған үлгіге таңбалау жүргізіліп, KazRoadLab бағдарламасының деректер базасына енгізіледі де, зертханаға жіберіледі.
Екінші кезең: Сапа сынағы
Ұлттық сапа филиалының зертханасында жолдан алынған керн мамандардың қолына түсіп, пайдалану кезіндегі ең күрделі жағдайларды имитациялайтын бірқатар қатаң сынақтан өтеді.
Тығыздық пен суға қанығуын тексеру. Үлгі алдымен ауада және суда өлшенеді, кейін вакуумдық қондырғыға орналастырылады. Егер асфальтта микрокеуектер тым көп болса, ол ылғалды шамадан тыс сіңіреді. Қыста бұл су қатып, көлемі ұлғаяды да, жол жабынын ішкі жағынан бұза бастайды.
Кейін үлгіні қайта қалыптау жүргізіледі. Зертханада керн қыздырылып, мінсіз тығыздыққа дейін қайта қалыпталады. Бұл жолда төселген асфальттың қаншалықты тығыздалғанын анықтау үшін қажет. Қайта қалыпталған үлгі қайтадан ауада және суда өлшенеді. Алынған көрсеткіштер бойынша есептеу жүргізіліп, жол жабынының тығыздалу деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні анықталады.
Бұл неге әрқайсымыз үшін маңызды?
Қостанай облысы бойынша жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандарының басты міндеті – ақауды жай ғана анықтап, тіркеп қою емес, сапасыз жол учаскесінің пайдалануға қабылдануына жол бермеу.
Осындай көпсатылы бақылаудың арқасында – жолдан керн алудан бастап, зертханада қысыммен жүргізілетін қатаң сынақтарға дейін – өңірдегі жол жабыны Қостанай климатына тән температураның күрт өзгерістеріне төзімді әрі ұзақ уақыт қызмет ететін болады.
Сапалы жол – кездейсоқтық емес, бұл қатаң талапқа негізделген ғылыми тәсіл мен күнделікті бақылаудың нәтижесі.
