Конституцияны тек мемлекеттік басқару жүйесін айқындайтын құқықтық құжат деп қарастыруға болмайды. Оның мәні – елдегі билік институттарының қалай жұмыс істейтінін, әрқайсысының құзыреті мен жауапкершілігі қандай болатынын белгілеуінде. Мемлекеттің тұрақтылығы да осы тетіктердің нақты әрі жүйелі жұмыс істеуіне байланысты.
Жаңа Конституцияда Президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, Құрылтайдың жаңа моделі, Конституциялық Соттың мәртебесі секілді маңызды мәселелер қамтылған. Мұнда назар аударатын жайт – мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін айқындаумен қатар, олардың өзара байланысы мен шешім қабылдау кезіндегі жауапкершілігін белгілеу. Бірқатар кадрлық шешімдерде Президент пен Құрылтайдың өзара іс-қимылы қарастырылуы да мемлекеттік басқарудағы институционалдық тетіктердің маңызын көрсетеді.
Ал Конституциялық Соттың қызметі Конституция нормаларының сақталуы мен олардың ел аумағында үстем болуын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Өйткені заң талаптарының орындалуы мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, азаматтардың да құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға тікелей әсер етеді.
Бұл өзгерістердің нақты өмірде қалай жүзеге асатыны, мемлекеттік органдардың қаншалықты ашық жұмыс істейтіні, қабылданған шешімдер үшін жауапкершіліктің қалай қамтамасыз етілетіні маңызды болып тұр. Бұл мәселе өңірлер үшін де өзекті. Жергілікті басқару органдарының жұмысы, мәслихаттардың қызметі, тұрғындардың өтініштеріне жауап беру сапасы және құқықтық сауаттылық – мемлекеттік институттардың тиімділігін күнделікті өмірде көрсететін бағыттар.
Азамат өз құқығын біліп, мемлекеттік органның міндетін түсінсе, қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік те айқынырақ болады. Тұрақты мемлекет құрудың маңызды шарттарының бірі – әр институттың өз өкілеттігі шегінде жұмыс істеп, қабылдаған шешімі үшін жауап беруі.
Аслан Қанғожин,
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары
