Биыл 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – мемлекетіміздің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Ата Заңда адам, оның құқықтары мен бостандықтарымен қатар, білім, ғылым, инновация, еңбексүйгіштік, прогресс және қоршаған ортаға жауапкершілік секілді құндылықтарға да айрықша мән берілген.
Мектеп үшін бұл бағыттардың маңызы ерекше. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның мүшесі, елдің дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім берумен бірге, оның бойына жауапкершілік, еңбекқорлық, елге жанашырлық, заң мен тәртіпті құрметтеу сияқты қасиеттерді сіңіру – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Конституцияда еліміздің ұзақ мерзімді дамуында адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық берілгені ұстаздар үшін де маңызды бағдар деп ойлаймын. Қазіргі мектеп баланы тек белгілі бір пәндер бойынша біліммен қаруландырып қана қоймай, өзгермелі заманға бейімделе алатын, жаңа технологияны меңгеруге ұмтылатын, өз ойын еркін жеткізетін тұлға ретінде қалыптастыруы керек. Бұл ретте мұғалімнің де, ата-ананың да, қоғамның да ортақ жауапкершілігі бар.
Ал болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік тек біліммен шектелмейді. Конституцияда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерінің көрініс табуы – бүгінгі ұрпақтың кейінгі буынға қандай орта қалдыратынын ойлауға үндейді. Мектепте табиғатты аялау, тазалық сақтау, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарау секілді қарапайым әдеттердің өзі осы үлкен құндылықтың негізін қалыптастырады.
Меніңше, Конституцияның болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән беруі әр азаматқа ой салуы керек. Өйткені ертеңгі күннің қандай болатыны бүгінгі таңдаған бағытымызға байланысты. Балаларға жақсы білім, қауіпсіз орта, таза табиғат және берік құндылықтар қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция белгілеген бағдарлар мектеп ұжымына да, ата-анаға да, жалпы қоғамға да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қаракөз ҚАЛИЕВА,
№28 мектеп-гимназия
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
