Конституцияның маңызын мемлекеттік құрылымдардың қалай жұмыс істейтінімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы құндылығы қарапайым азаматтың өз құқығын қаншалықты білетінінен, қажет кезінде оны қорғай алуынан және заңға сүйеніп әрекет ету мүмкіндігінен көрінеді.
Бүгінгі қоғамда адамның құқығына қатысты түсінік те кеңейіп келеді. Бұрын еңбек ету, білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу секілді мәселелер алдыңғы қатарда болса, қазір цифрлық қауіпсіздік те маңызды мәнге ие. Жеке мәліметтердің заңсыз жиналуы, адамның келісімінсіз ақпарат тарату, электрондық хат-хабардың құпиялығына қол сұғу – заманауи технологиялармен бірге туындаған мәселелер. Сондықтан жеке деректерді қорғау кепілдігінің Конституцияда бекітілуі уақыт талабынан туындаған маңызды қадам деп есептеймін.
Алайда құқықты заңда бекіту мен оның іс жүзінде қорғалуының арасында белгілі бір байланыс бар. Азамат өзінің қандай құқығы барын, ол бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін білмесе, құқықтық кепілдіктердің мүмкіндігін толық пайдалана алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық сауаттылықты арттыру мемлекеттік органдардың ғана емес, білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының да ортақ міндеті болуы керек.
Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне айрықша мән беремін. Конституцияның мазмұнын тек заң тілімен түсіндіру жеткіліксіз. Оны адамның күнделікті өмірімен байланыстырып, нақты жағдайлар арқылы жеткізу қажет. Еңбек құқығы бұзылған азаматтың мәселесі, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізу, жеке ақпараттың қорғалуы – мұның бәрі конституциялық нормалардың өмірдегі көрінісі. Оқырман өзіне тікелей қатысты мәселені түсінгенде ғана заңның мәнін тереңірек ұғынады.
Сондықтан Конституция туралы әңгіме белгілі бір кезеңмен шектелмеуге тиіс. Ол қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтың өзіне деген сенімін арттыруға қызмет етуі керек. Заңның күші оның мәтінінде ғана емес, адам құқығы қорғалып, әр азамат өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыруға ықпал етуінде. Мен үшін Конституцияның күнделікті өмірдегі маңызы дәл осымен өлшенеді.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ,
республикалық «Егемен Қазақстан»
газетінің Қостанай облысындағы
меншікті тілшісі
