Қостанайда облыстық коалиция мүшелерінің Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжінің оқытушыларымен кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты — Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі құндылықтарды талқылау және ашық пікір алмасу болды.
Кездесуге коалиция өкілдері Маргарита Бейсенова мен Злиха Жылқыбаева қатысты. Диалог барысында қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, мемлекет тарапынан отбасы институтын қорғауды, сондай-ақ білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық маңызын талқылады.

Оқытушылар алдында сөйлеген сөзінде Злиха Жилкибаева елдің Негізгі заңында адам және оның қадір-қасиеті ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қағидаттар білім беру жүйесінде және қоғамдық өмірде көрініс табуы тиіс.

«Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, көптеген елдер тарихи бетбұрыс кезеңдерінде өздерінің болашақ даму бағытын жалпыхалықтық таңдау арқылы айқындаған. Мұндай шешімдер саяси жүйені жаңғыртып, ұлттық бірлікті нығайтады. Алдағы референдум — болашаққа бағдар беретін маңызды кезең. Әрбір азаматтың пікірі құнды, сондықтан белсенділік таныту — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз», — деді Злиха Жылқыбаева
Өз кезегінде Маргарита Бейсенова әлеуметтік саланы, әсіресе денсаулық сақтау жүйесін дамыту және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлі туралы айтты. Ол қоғамның тұрақты дамуы білім, медицина және халықты әлеуметтік қолдаудың сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Әлеуметтік саланы дамыту — мемлекеттің тұрақтылығының негізгі факторларының бірі. Сапалы білім, қолжетімді медицина және отбасын қолдау — берекелі қоғамның негізін қалыптастырып, елдің болашағына тікелей әсер етеді», — деп атап өтті Бейсенова.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, белсенді әрі бейжай қарамайтын қоғам қалыптастыру — мемлекет, білім беру мекемелері және азаматтардың ортақ міндеті.
