Ел өміріндегі елеулі оқиға – референдумға санаулы күн қалды. Ата заңның жаңа жобасына қатысты тарихи таңдау жасалатын сәт таяу. Өңірдегі дайындық жұмыстары қалай? Дауыс беру учаскелері науқанға толық әзір ме? Осыны білмекке Қостанай, Бейімбет Майлин, Сарыкөл және Денисов аудандарындағы ахуалға үңіліп көрдік.
Кәнігі мұғалім Айгүл Нұрпейісова отыз жылға жуық уақыт сайлаушыларға учаске басында қызмет көрсетуші ретінде жұмыс істеп келеді. Жалпыхалықтық саяси науқандарда комиссияның қатардағы мүшесі де, төрағасы да болып көрді. Осы жолғы референдумға да белсенді атсалысып жатыр. Қазір ол Қостанай ауданы Заречный кенті Северный шағын ауданында орналасқан, өзі қызмет ететін А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ орта мектебінде құрылған учаскенің хатшысы. 23 ақпанда басталған дайындық шараларының басы-қасында жүр.
«Міне, үш апта өтті – әзірлік жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатырмыз. Мектебіміздегі 593-ші учаске референдумға толық дайын. Кабиналар орнатылып, жәшіктер, басқа да құрал-жабдық қойылды. Бүгін қолымызға бюллетендер тиеді. Бізге 2218 сайлаушы тіркеліп тұр. Оларға барлық қолайлы жағдай жасалды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көру қабілетін нашар азаматтарға арнаулы бұрыш бар. Денсаулық жағдайына байланысты дауысты үйден бергісі келетін жандарға көліктеріміз сайлаулы тұр», – деп отыр Айгүл Нұрпейісова.
Оның айтуынша, ауырып жатқан адам немесе науқасты күтуші учаскеге келмейтінін референдум басталған күні сағат 12-ге дейін өтініш беруі керек. Өйткені барлық дауыс берушіге шақырту берілгенімен, мұндай санатта қанша адамның бар екені комиссия өкілдеріне белгісіз. Ал мұндағы комиссия құрамында жеті адам кезекшілік кестесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Айгүл ханым жексенбі күнгі жауапты науқанға таңғы сағат 6-да кірісеміз деп қамданып отыр.

Жалпы, Қостанай ауданында 64 референдум учаскесі саяси науқанға сақадай сай. Осы өңір аумағында 48 мыңнан астам адам сайлаушы ретінде тіркеуге алынған. Жауапты мамандардың айтуынша, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың барлығына дерлік шақырту үлестіріліпті. Қазір әр учаскенің басында әзірлік жұмыстары әлсін-әлсін пысықталып жатыр. Әсіресе, жекелеген елді мекендерде ақтүтек боран салдарымен күрес үздіксіз жүру үстінде.
«Кейінгі күндері үздік-создық соққан бораннан соң аудандағы бірнеше елді мекеннің жолын, көшелерін қар жапты. Қазір кіреберіс жолдар қардан тазаланып, сайлау учаскесіне апаратын алаңдар аршылып жатыр. Жалпы, қай учаске де демалыссыз, күн сайын кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Міндетіміз – еліміздегі тарихи оқиғаны ешқандай кедергісіз өтуіне жағдай туғызу», – дейді Қостанай ауданы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Елена Чийпеш.
Оның мәліметі бойынша, аумақтық референдум комиссиясының құрамында жеті, учаскелік комиссияларда 372 адам жұмыс істеп жатыр. Бірақ осы аудандағы Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген, қоғамдық бірлестіктер мен партиялардан келген бақылаушылар туралы ақпарат дауыс беру күні белгілі болмақ.

Ал енді Сарыкөл ауданының аумағында ұзын-ырғасы отыз сайлау учаскесі бар. Олар 23 ауылдық округте орналасқан. Учаскелердің тең жартысы білім беру нысандарында, қалғаны квазимемлекеттік сектор, мемлекеттік мекеме және жеке тұрғын үй ғимараттарында жұмыс істеп жатыр.
«Барлығы дерлік материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен толығымен қамтылулы. Отыз учаскенің 28-і барша талапқа сай. Екеуі ғана бейімделмеген. Өйткені олар жеке тұрғын үйде орналасқандықтан, пандустар жоқ. Дегенмен бұл ауылдарда ерекше қажеттілігі бар адамдар тұрмайды. Ендеше мұны өзекті мәселе деуге де келмес», – дейді Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Серік Қазақбаев.
Ол ұсынған дерек бойынша, Сарыкөл ауданында 11 306 адам дауыс беруші ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде жүзден астамы – ерекше қажеттілігі бар азаматтар. Олар тіркелген учаскелерде арнаулы бұрыштар орнатылады. Ал жалпы ауданда 31 сайлау комиссиясы іске кірісуге дайын. Бұлардың құрамында тәжірибелі 162 мүше бар.
«Дауыс беру науқанының ашықтығын қамсыздандыу үшін бақылаушылар да белсенді дайындалып жатыр. Барлық учаскеге 60 стационарлық бақылаушы бөлінеді. Қазір тұрақты түрде «Zoom» платформасында оқыту сессиялары жалғасып жатыр. «AMANAT» партиясының аудандық филиалы жанынан 23 адамдық штаб құрылды. Құрамына аудан депутаттары, кәсіпкерлер, белсенді жастар мен ардагерлер енген. Call-орталық та үздіксіз жұмыс істеп тұр», – деді Серік Қазақбаев.
Бейімбет Майлин ауданы да әзірлік жұмыстарын тыңғылықты аяқтап отыр. Осы өңір аумағындағы 27 елді мекенде 31 референдум учаскесі құрылды. Науқанға қатысуға құқығы бар 15 мыңнан астам адам тіркелген. Аудан әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, тоғыз учаскеде комиссияның 7 мүшесі және қалған 22 учаскеде бес комиссия мүшесі жұмыс істемек.
«Барлық учаске ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беруге арналған пунктті жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес құрылды. Олар мемлекеттік рәміздермен, қажетті жабдықтармен, жиһазбен және көліктермен, қажет болған жағдайда үй-жайларды жылытуға арналған отынмен, байланыспен, компьютерлік техникамен және дауыс беруге арналған қажетті жабдықтармен жарақтандырылған. Референдумның барлық учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнаулы бұрыштар бар. Компьютерлерде ҚР Конституциясы жобасының аудио-бюллетеньдері мен аудио-мәтіні орналастырылған», – дейді ауданы әкімі аппаратының басшысы Тимур Бисимбаев.
Сонымен қатар Денисов ауданынан деректер сұрадық. Бізге берілген мәліметтерге сүйенсек, мұнда референдум күні 28 учаске жұмыс істегелі отыр. Дауыс беру құқығына ие халықтың үлесі – 10 889 адам. Аумақтық комиссия саны отызға жуықтайды. Ал учаскелік комиссия құрамында 151 мүше бар екен. Аудан көлемінде ақпараттандыру-түсіндірме жұмыстары ақпан айының екінші онкүндігінде басталып, бүгінге дейін барлық елді мекенінде үздіксіз жалғасып келеді. Түйемойнақ өңірінде аумақтық коалиция да 16 ақпаннан бері жаңа Ата заң жобасын насихаттау үстінде…
Жалпылай айтқанда, қазір барлық өңірде аудандық штабтардың жұмысы қызу жүріп жатыр. Арнаулы кесте бекітіліп, халықпен кездесу, диалог алаңы, жиын түріндегі үгіт-насихат жалғасу үстінде. Басты мақсат – референдум алдында тұрғындарға жаңа Конституция жобасын жан-жақты түсіндіру, таныстыру. Негізгі нысаналы аудитория – еңбек ұжымдары, шығармашылық интеллигенция өкілдері, педагогтер қауымы және жастар жағы. Бұл іс-шаралар 13 наурызға дейін жалғаспақ.
