Конституция әр адамның күнделікті өмірімен тікелей байланысты

Конституция әр адамның күнделікті өмірімен тікелей байланысты

Жаңа Конституция туралы сөз болғанда, ең алдымен адам мен оның құқықтарына қатысты нормаларға назар аудару қажет деп ойлаймын. Себебі Конституцияның негізгі міндеттерінің бірі – азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы құқықтық кепілдіктерді айқындау.

Қолданыстағы Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге туғаннан тиесілі, ажыратуға және айыруға болмайтын құндылық ретінде бекітілген. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заңда белгіленген тәртіппен білікті заң көмегін алуға құқығы бар.

Бұл нормалардың маңызын тек заңгерлер түсінетін күрделі құқықтық ұғымдар деңгейінде қарамау керек. Конституция әр адамның күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Жұмысқа орналасу, еңбек ету, білім алу, медициналық көмекке жүгіну, жеке өмірдің қорғалуы, мемлекеттік органның шешіміне шағымдану сияқты мәселелердің барлығы азаматтың құқықтық кеңістігіне кіреді. Сондықтан Конституцияны түсінудің ең тиімді жолы – оның баптарын жай ғана оқып шығу емес, сол құқықтардың қарапайым адамның өмірінде қалай көрінетінін өзіңше ойлап қарау.

Қазір бұл мәселеге цифрлық кеңістік те қосылды. Азаматтың жеке деректерін қорғау, электрондық коммуникациялардың және банк ақпаратының құпиялылығы сияқты мәселелердің Конституция деңгейінде қарастырылуы уақыт талабынан туындап отыр. Бұл – адамның құқығы технология дамыған сайын жаңа қырлармен толықтырылатынын көрсетеді.

Тағы бір маңызды тұс – құқық пен жауапкершіліктің арақатынасы. Өз құқығын білу адамның өзге адамдардың құқығын құрметтеу міндетін жоққа шығармайды. Конституциялық деңгейде адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа адамның құқықтарын бұзбауға тиіс деген қағида бекітілген.

Сондықтан жаңа Конституцияның мәнін бір ғана «құқықтар жиынтығы» деп түсіндіру дұрыс емес. Оның мазмұнында азаматтың құқығы, сол құқықты қорғаудың тетіктері және қоғам алдындағы жауапкершілік өзара сабақтасып жатыр. Конституция азаматқа мемлекеттен не талап ете алатынын ғана емес, құқықтық қоғам құруға өзінің қандай үлес қосатынын да түсіндіретін негізгі құжат болуға тиіс.

Гүлвира БАЙМЕНОВА,
құқықтанушы, заң ғылымдарының магистрі