2026 жылғы қыркүйек Қазақстан үшін ғылым, инновация, жоғары білім және адами капитал салаларындағы халықаралық рейтингтерде бірқатар маңызды нәтижемен есте қалды. Ғылым, білім беру және аграрлық даму саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан адам ретінде бұл көрсеткіштердің мен үшін маңызы ерекше.
Ең алдымен, Қазақстан Global Innovation Index 2026 рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, 73-орынға тұрақтады. Бұл – Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ең жоғары өсім. Өңірлік рейтингте Қазақстан Үндістаннан кейін екінші орында тұр.
Мен үшін бұл халықаралық кестедегі жай ғана сан емес. Оның артында адами капиталдың дамуы, ғылыми зерттеулер, білім беру, цифрландыру және экономиканың білімді нақты нәтижеге айналдыра білу қабілеті тұр.
Қазақстандық университеттердің нәтижесі де назар аударарлық. THE World University Rankings 2027 рейтингіне еліміздің 10 университеті енді. Ал Nazarbayev University алғаш рет әлемнің үздік 400 университеті тобына кірді. THE мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдерінің арасында рейтингке енген жоғары оқу орындарының саны жөнінен көш бастап тұр.
Бұл жерде рейтингке енген университеттердің саны ғана маңызды емес. Халықаралық деңгейде мойындалу зерттеулердің сапасына, ғылыми жарияланымдардың белсенділігіне, академиялық ортаға және мамандар даярлау деңгейіне қойылатын талаптардың арта түскенін білдіреді.
Үшінші көрсеткіш – Coursera платформасының Global Skills Report 2026 есебі. Биыл алғаш рет жасанды интеллект дағдылары мен адамға тән құзыреттердің үйлесімін бағалайтын AI-Human Skills Synergy индексі ұсынылды. Зерттеу 98 елді қамтып, 300 миллионнан астам білім алушының деректерін пайдаланған.

Меніңше, осы тұсы айрықша маңызды. Бүгінде цифрлық технологияларды немесе жасанды интеллектіні меңгерудің өзі жеткіліксіз. Қазіргі маманның болашағы технологияны сыни ойлау, жауапкершілік, шешім қабылдау, күрделі мәселелерді шеше білу және үнемі білім жетілдіру қабілетімен ұштастыра алуына байланысты.
Сондықтан мен бұл үш халықаралық нәтижені бір үдерістің өзара байланысты элементтері ретінде қабылдаймын: инновация → мықты ғылым → заманауи білім → білікті адами капитал.
Алайда рейтингтер түпкі мақсат емес. Олар алға қаншалықты тиімді жылжып келе жатқанымызды бағалаудың бір құралы. Қазір Қазақстан үшін оң динамиканы сақтап қана қоймай, оның мазмұнын нақты іспен толықтыру маңызды. Ол үшін ғылымның практикалық қайтарымын арттырып, университеттердің өндіріс орындарымен байланысын нығайту, жас ғалымдарға жағдай жасау, ғылыми әзірлемелерді экономика мен әлеуметтік салаға тікелей енгізу қажет.

Бұл әсіресе өңірлер мен ауылдық жерлер үшін өзекті. Жасанды интеллект, ғылым және білім салаларындағы жетістіктер тек ірі қалаларға ғана емес, ауыл мектептері мен колледждеріне, жоғары оқу орындарына, кәсіпорындарға және аграрлық өндіріске де жетуі керек.
Мықты Қазақстан – тек заманауи технологиялар елі емес. Ең алдымен, сол технологияларды жасай алатын, өндіріске енгізетін және жауапкершілікпен қолданатын адамдардың елі.

Мен еліміздің алдағы бәсекеге қабілеттілігінің негізін дәл осы адами капиталды, ғылым мен білімді дамыту бағытынан көремін.
Ғайния ЕСЕЕВА,
«Кәмшат Дөненбаева атындағы
кәсіптік-техникалық колледж»
КМҚК директоры
