Көпбалалы ана болу жеткілікті ме? МӘМС бойынша жеңілдік мәртебесі кімдерге беріледі?

Көпбалалы ана болу жеткілікті ме? МӘМС бойынша жеңілдік мәртебесі кімдерге беріледі?

Қостанай облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалына көпбалалы аналардан «Бірнеше баланың анасы бола тұра, неге мемлекет есебінен МӘМС бойынша сақтандырылған мәртебесі автоматты түрде берілмейді?» деген сұрақ жиі түседі. Бұл сұраққа Қостанай облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Тимур Ақжанов жауап берді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік мәртебесі тек бала санына байланысты анықталмайды. Ол заңнамада нақты белгіленген санаттарға жатуына қарай беріледі. Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы үшін жарналар төленуі қажет. Алайда халықтың жекелеген санаттары үшін бұл жарналарды мемлекет төлейді. Мемлекет есебінен МӘМС жарналары төленетін санаттардың ішінде балалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнетақы төлемдерін алушылар, мүгедектігі бар адамдар және басқа да азаматтар бар. Барлығы 14 санат қарастырылған. Ал көпбалалы отбасында болуының өзі әйелге МӘМС бойынша автоматты түрде жеңілдік мәртебесін бермейді», – дейді Тимур Ақжанов.

Мемлекет МӘМС жарналарын көпбалалы аналардың барлығына емес, заңда көрсетілген нақты санаттарға жататын әйелдер үшін төлейді. Атап айтқанда, олар «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І немесе ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдер.

«Бұл әйелдер жұмыс істей ме, әлде жұмыс істемей ме – оған қарамастан, аталған мемлекеттік наградалардың біріне ие болса, МӘМС бойынша жеңілдікті санатқа жатады. Сондықтан көпбалалы ана мәртебесі мен МӘМС бойынша жеңілдік мәртебесін бір ұғым деп қарастыруға болмайды. Жеңілдік алу үшін заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келу қажет», – дейді спикер.

Тағы бір ескере кететіні, МӘМС жарналары жергілікті бюджет қаражаты есебінен де жекелеген санаттағы азаматтар үшін төленеді. Оларға субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан немесе жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқуға жіберілген адамдарды қоспағанда, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жатады. Сондай-ақ соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған және әлеуметтік әл-ауқатының дағдарысты немесе шұғыл деңгейіне жататын жұмыс істемейтін азаматтар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы азаматқа белгіленген қағидаларға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді..

Дегенмен сақтандырылған мәртебесінің болмауы азамат медициналық көмектен толықтай қағылады дегенді білдірмейді. Қазақстан азаматтарына кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі, яғни ТМККК шеңберіндегі шұғыл және базалық медициналық көмек сақтандырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан көрсетіледі. Сондықтан көпбалалы аналар үшін ең маңыздысы – отбасының көпбалалы мәртебесі мен МӘМС бойынша жеңілдік санатының талаптары бірдей емес екенін білу. Егер ана «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» немесе «Ана даңқы» мемлекеттік наградаларының тиісті санатына жатса, оның МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен МӘМС жарналары халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін төленеді. Олардың қатарына 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер және үш жасқа толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін азаматтар жатады. Сонымен қатар жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына немесе бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар үшін де жарналар мемлекет есебінен төленеді. Мүгедектігі бар баланы күтіп отырған жұмыс істемейтін адамдар мен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар да осы санатқа кіреді.

МӘМС жарналары зейнетақы төлемдерін алушыларға, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, тергеу және уақытша ұстау изоляторларында отырған немесе үйқамақта жүрген жұмыс істемейтін азаматтар үшін де жарналарды мемлекет төлейді.

Күндізгі бөлімде білім алатын студенттер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін адамдар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар да мемлекет есебінен МӘМС жүйесіне қамтылады. Сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен жұмыс істемейтін қандастар үшін жарналар республикалық бюджеттен төленеді.