Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

Таныстырылым Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалығымен, Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Үкіметтің жауапты мүшелерінің қатысуымен өтті.
Вице-спикер Дания Еспаева өз сөзінде депутаттарға едәуір көлемді материалдар ұсынылғанын атап өтті. Бұл кірістер мен шығыстарды ғана емес, бүкіл мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, кәсіби Құрылтайдың бақылауы одан да кеңірек болғаны абзал.

Өз кезегінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина республикалық бюджет жобасын қарау кезінде депутаттық корпус қаражаттың игерілуін қатаң бақылауға баса мән беретінін айтты.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин оның негізіне жыл сайын орта есеппен 5%-дан жоғары экономикалық өсу қарқыны алынғанын айтты. Экономикалық өсудің негізгі көздері мұнай емес салалар болуға тиіс.

«2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының негізгі ережелерін депутаттарға Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы таныстырды. Оның айтуынша, 2027 жылы түсімдер 25,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр, ал шығыстар 30,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Осылайша, бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3%-ды құрайды. Бұл ретте 2029 жылы бюджет тапшылығының 0,4%-ға дейін төмендеуі, ал меншікті кірістердің 23,4 трлн теңгеге дейін өсуі болжануда.

Таныстырылым қорытындысы бойынша заң жобасы талқыланды. Депутаттар Үкіметтің экономикалық өсім болжамы мен халықаралық сарапшылардың бағалаулары арасындағы айырмашылықтар, бюджет тапшылығын жоспарлы төмендету, Ұлттық қор трансферттері есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу, олардың қажетті бюджеттік рәсімдерден өтуі және басқа да мәселелерді көтерді.

Құрылтайда республикалық бюджет жобасы бойынша алдағы жұмыс депутат Татьяна Савельеваның жетекшілігімен жалғасады.

Заң жобасының таныстырылымынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Онда ең төменгі жалақы мөлшерінің өспеуі, Ұлттық қор қаражатын пайдалану және басқа да мәселелер назарда болды. Брифингтің толық бейнежазбасы Құрылтайдың YouTube арнасында қолжетімді.