Облыс орталығындағы Назарбаев даңғылы мен Кәмшат Дөненбаева көшесінің қиылысы көліктердің көп соқтығысатын жері ретінде анықталған.
Соңғы сегіз айда осы қиылыста 52 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Сондай-ақ, аппараттық-бағдарламалық кешен, жедел басқару орталығы деректеріне сәйкес, Абай – Тәуелсіздік, Қайырбеков – Көбеев, Назарбаев – Сағадат Нұрмағамбетов қиылыстарында да жиі тіркеліп тұрады.
«Қобыланды батыр – Киев және Қайырбеков – Киев қиылыстарында 23-тен, Назарбаев – Баймағамбетов көшелерінің қиылысында 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал Абай – Хәкімжанова, Мәуленов – Досжанов және Абай – Гоголь көшелерінің қиылыстарында 21-ден жол-көлік оқиғасы болған. Назарбаев – Мұхамеджанов және Тәуелсіздік – Алтынсарин көшелерінің қиылыстарында 20-дан, Қайырбеков – Лермонтов қиылысында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жеңіс Бисембаев.
Қостанай облысының полиция департаменті 14-16 қыркүйек аралығында «Назар аудар, жаяу жүргінші!» республикалық акциясын өткізіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық шараларды күшейтті. Үш күнге созылған іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдардың, денсаулық сақтау және білім беру саласының өкілдері, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
«Акция барысында аталған учаскелерге, яғни жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын жерлерде патрульдік полиция нарядтары барынша шоғырландырылып, жаяу патрульдер де тартылды. Жолдағы қауіпсіздік тек жүргізуші мен жаяу жүргіншінің тәртібіне ғана емес, инфрақұрылымның жағдайына да тікелей байланысты. Осыған байланысты акция күндері жол және техникалық инспекция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйіне 130 тексеру жүргізді. Әсіресе мектептер мен балабақшаларға жақын орналасқан өткелдерге, қоғамдық көлік аялдамаларына, базарлар мен сауда орындарына, медициналық ұйымдар маңына ерекше назар аударылды», – деді ол.
Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға 112 нұсқама берілген. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қараңғы уақыттағы көріну мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Полиция қызметкерлері апат қаупі жоғары учаскелердегі сыртқы жарықтандыру жағдайын тексерген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданып, қауіпті учаскелердің бірқатарында 180 метр жасанды жарықтандыру орнатылған.
«Акция аясында жол қозғалысына қатысушылар арасында жарық қайтарғыш элементтерді тарату жұмыстары да ұйымдастырылды. Ең алдымен мұндай белгілер білім беру ұйымдарының оқушыларына, егде жастағы адамдарға, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлік жолаушыларына берілді. Сонымен қатар жарық қайтарғыш элементтер сауда орталықтары мен басқа да адам көп жиналатын қоғамдық орындарда таратылды. Полиция қызметкерлері азаматтарға қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтердің маңызын түсіндірді. Мұндай белгі жаяу жүргіншіні жүргізушіге ертерек байқатып, жолдағы қауіпті жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беретін қарапайым қауіпсіздік құралы», – деді Жеңіс Бисембаев.
Білім беру органдарымен бірлесіп мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шаралар өткізілген. Оқушыларға жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, қауіпсіз жүріп-тұру тәртібі, сондай-ақ «үй – мектеп – үй» бағытындағы қауіпсіз маршрут туралы ақпарат берілді.
«Балаларға жолды қалай дұрыс кесіп өту керектігі, жаяу жүргіншілер өткелдерін қай жерде пайдалану қажеттігі және білім беру ұйымдарының маңында қандай сақтық шараларын сақтау керектігі практикалық тұрғыда түсіндірілді. Таңертеңгі уақытта мектептерге кіреберіс жолдарда полиция қызметкерлерімен бірге жас жол инспекторлары да кезекшілік атқарып, оқушыларға жолдағы қауіпсіздік талаптарын еске салды. Бұл жұмыс үш күндік акциямен шектелмейді. Балалардың және жалпы жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі полиция департаментінің тұрақты бақылауында», – деді басқарма бастығы.
Осылайша, «Назар аудар, жаяу жүргінші!» акциясы барысында полицияның апат қаупі жоғары учаскелердегі бақылауы күшейтіліп қана қоймай, жол инфрақұрылымының жағдайын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарық қайтарғыш элементтерді тарату және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағыттары қамтылды. Қостанай облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысына барлық қатысушы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жүргізе бермек.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – ПД баспасөз қызметі
