Көлік құралдарын шекарадан өткізу тәртібіне өзгерістер енгізіледі Фото: www.gov.kz

Көлік құралдарын шекарадан өткізу тәртібіне өзгерістер енгізіледі

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдары, жүк пен тауарларды өткізу тәртібін жетілдіруге бағытталған №707 бұйрығына өзгерістер енгізу жөніндегі жоба әзірледі. Бұл өзгерістер құқық қолдану тәжірибесі мен тасымалдаушылардың өтініштерін ескере отырып дайындалды. Ол туралы Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлайды.

Аталған жобада шекарадан өтуді броньдау тәртібін нақтылау көзделген. Енді бронь түрлері нақты ажыратылып, олардың әрқайсысы үшін бөлек төлем мөлшерлері белгіленеді. Атап айтқанда, кәдімгі бронь үшін – 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), жедел бронь үшін – 100 АЕК, кезектен тыс өту мүмкіндігі үшін – 1 АЕК, қайта брондау үшін – 100 АЕК мөлшерінде төлем белгіленеді.

Сонымен қатар, жаңа механизм ретінде кепілдік жарна енгізіледі. Оның мөлшері 20 АЕК болып белгіленген.

«Бұл жарна пайдаланушының есепшотында уақытша бұғатталады және егер броньдалған көлік көрсетілген уақытта келмесе, ол сома автоматты түрде есептен шығарылады. Осы жаңашылдық жалған броньдар санын азайтуға бағытталған. Бүгінде мұндай жалған броньдардың үлесі 40 пайызға дейін жетіп отыр. Жобада шекарадағы өткізу жүйесін тиімді ұйымдастыру мақсатында бірнеше маңызды жаңалықтар қарастырылған. Ең алдымен, көліктерге арналған күту аймақтарын ұйымдастыру міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Бұл шекара маңындағы жүктемені азайтуға және тәртіпті қамтамасыз етуге көмектеседі», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ, көлік құралдарын шекарадан өткізу кезінде заңбұзушылықтардың алдын алу үшін VIN-код бойынша бақылау күшейтіледі. Егер тасымалдаушы жалған ақпарат енгізсе, оның аккаунты бұғатталады.

Жүйе Қазақстанның «Бүркіт» ақпараттық жүйесімен біріктірілетін болады. Бұл арқылы көлік құралдарының нақты шекарадан өткені расталады.

Сонымен қатар, пайдаланушылар үшін қолайлы болу мақсатында броньдау қызметіне SMS және мессенджер арқылы тіркелу мүмкіндігі енгізіледі.

Жаңа ережелерге сәйкес, броньды ауыстыру немесе жою мүмкіндігі тек бір рет беріледі. Бұл жүйені әділ әрі нақты ету үшін қолға алынған шара. Бұдан бөлек, әр көлік құралына бір бағыт бойынша тек бір белсенді бронь жасауға рұқсат етіледі. Бұл да жалған броньдарды болдырмауға және шынайы тасымалдарды басқаруға мүмкіндік береді.

Арнайы жүк түрлеріне — тірі жануарлар, тез бұзылатын өнімдер және қауіпті жүктерге — басымдық берілетін слоттар бөлінетін болады. Бұл шаралар аталған жүктердің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың уақытылы және қауіпсіз түрде жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер Мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдарын өткізу тәртібін жүйелеуге, процестерді цифрландыру арқылы ашықтықты арттыруға, тасымалдаушылардың құқықтарын қорғауға және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалануға бағытталған.

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті осы өзгерістерге байланысты түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, барлық тасымалдаушыларды жаңа талаптарды сақтауға және заңнаманы бұзбауға шақырады.