Рудныйда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысушылар арасында жеңімпаз анықталды. Үздік шыққан отбасыларды қала әкімі Виктор Ионенко құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.
Биыл сегіз отбасы қатысуға ниет білдірген. Байқауда жұмысшы мамандықтарды меңгерген жанұяларға басымдық беріліпті. Қатысушылардың бәрі белсенді, үлгі етуге тұрарлық.
Мысалы, Милақатовтар отбасы өз ортасында алғырлығымен көзге түсіп жүр. Отағасы Нұрымжан Бәлдікұлы мен Альбина Ерсайынқызының екеуі де педагог.
Екі ұл мен бір қыз тәрбиелеуде. Түрлі байқауларда бақ сынап, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Нұрымжан Милақатов біздің газетіміздің тұрақты авторы, ата басылымның жанашыры.
«Мерейлі отбасы» байқауының қатысушыларын марапаттау рәсіміне Нұрымжан мен Альбина жұмыс бабына байланысты келе алмады. Бірақ, олардың ата-анасы қатысып, жарасымды жұптың атқарып жүрген қызметі туралы жылы лебіз білдірді.
– Біз Ахмет Байтұрсынұлы ауылынанбыз. Балалар үшін Рудныйға көшіп келдік. Осында қоныс аударғанымызға бес жылдай уақыт болыпты. Немерелерді қарап, жас отбасының емін-еркін қызмет істеуіне қолғабыс етудеміз. Ұлым да, келінім де мектепте мұғалім. Нұрымжаным география пәнінен, Альбина математика пәнінен сабақ береді. Екеуі де ұжымда беделді. Жарыстарда орындар алып жатыр. Балам Нұрымжан республикалық сайыстан көлік ұтып алып, Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» есімі жазылды. Немерелерім спортқа, өнерге жақын. Бала тәрбиесіне ата-ана, үлкендер бәрі үлес қосуы тиіс. Ата-әженің қолында өскен немерелер жақсы, тәртіпті болады, – деді Күлмаш Зарыпбаева.
Күлмаш апа ұзақ жыл білім саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шығыпты. 2023 жылы «Еңбек ардагері» маделімен марапатталған. Отағасы Бәлдік ақсақал екеуі бес бала өсіріп баққан. Нұрымжан соның ортаншысы.
Андрей Иванов пен Шолпан Кенжетаева жұбы да мұғалімдер. Интернационалды отбасы екі қыз тәрбиелеуде.
Карабановтар отбасының шаңырақ көтергендеріне 13 жыл. Үйдің тірегі Владимир «Качары руда» АҚ-да еңбек етеді. Отанасы Екатерина бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі Арина есімді биші балақайды әлпештеп отыр.
Түменбаевтар шаңырағы да қатарының алды. Бұл жанұяның әкесі Меңдібек Кенжеғазыұлы Рудный қалалық полиция басқармасының капитаны. Ал анасы Әсем Абзалқызы тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.
Қатысушылардың арасында ең жасы Горшковтар отбасы. Отасқандарына небары 4 жыл болған Александр мен Тамара қызметтен бөлек ерікті ретінде игі істерге үлес қосуда.
Скворцовтар жанұясында бес адам бар. Отағасы Сергей №21 гимназияның ғимаратқа қызмет көрсету жөніндегі шебері, ал отанасы Марина қайырымдылық қорының жетекшісі.
Жоғарыда аталған отбасыларға байқауға қатысқаны үшін алғыс хаттар мен тұрмыстық техникалар табысталды. Сайыстың қорытындысында қалалық кезеңде Бөрібаевтар және Писаренко отбасы жеңімпаз атанып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Бөрібаевтар – көпбалалы жанұя. Бір ұл, үш қызы бар. Тұңғышы Дәурен Ақтөбеде медициналық оқу орнында интернатурада оқиды.
Одан кейін Аружан 11-сынып оқушысы, кішілері 5 жастағы Азалия және Дамира есімді егіз қыз биыл мектепалды даярлық тобына барады. Отағасы Еркен Қуанышпайұлы «ССКӨБ» АҚ-да еңбек етеді, анасы Айнажан Халиханқызы мектеп директоры.
Писаренко жұбының отасқандарына 23 жыл. Отағасы Михаил «Качары руда» АҚ-да еңбек етумен қатар пауэрлифтингтен жаттықтырушы. Отанасы Лариса балабақша тәрбиешісі. Қызы Дарья жоғары медициналық колледждің студенті, ұлы Александр мектеп оқушысы.
– Отбасы құндылықтарын берік сақтап, балалар мен үлкендерге қамқорлық танытып келе жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Салт-дәстүрімізді сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелеуде көп еңбек сіңірудесіздер. Сіздердің бұл жақсылықтарыңыз көптеген отбасыларға үлгі. Мұндай отбасылар қоғамның тірегі, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретке түсірген Жанель Құттыбай
Рудный қаласы