Қостанайдағы «KIA» зауытының құрылысы аяқталуға таяды. Алдағы күзде іске кірісіп, 1-қазанда жаппай көлік шығаруды бастайды. Бұл туралы зауыттың бизнесті дамыту және қолдау жөніндегі директоры Ерлан Төлетаев қалалық әкімдіктегі аппарат кеңесінде айтқан еді.
Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты жылына 70 000 автокөлік шығаруға қауқарлы. Жаңа өндіріс іске қосылса 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Зауыттың құрылыс жобасына 130 млрд-тан астам инвестиция салынды, оның 117 млрды «KIA» компаниясының тікелей қаражаты. Бұл жерде бес негізгі өндіріс орны болады.
Олар: дәнекерлеу цехы, шанақты бояу цехы, пластикті бояу цехы, құрастыру цехы және қойма. Қазіргі уақытта зауыттың контейнерлік терминалына контейнерлерді жеткізу үшін ұзындығы 5,2 км болатын теміржол жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 1890 контейнер. Бұл учаскелердің әрқайсысы заманауи халықаралық стандарттарға сай жобаланған және жоғары автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған.
Мысалы, дәнекерлеу цехында 41 дәнекерлеу роботы орнатылыпты. Автоматтандырылған жабдықтардың арқасында жылына 50 000-ға дейін шанақ шығару жоспарлануда. Өндіріс екі ауысымда жүргізіледі және бірінші кезеңде мұнда 116 білікті қызметкер тартылатын болады.
«Бұл жоба «KIA» компаниясы үшін ғана емес, бүкіл елдің өнеркәсіптік дамуы үшін де жаңа кезең болмақ. Зауыттың болашағы кәсіби білікті мамандармен тығыз байланысты. Сондықтан, өндіріс орнында жұмыс істеуге ниетте азаматтарға есігіміз ашық. Әсіресе жергілікті кадрларға баса назар аударамыз. Қостанай, Тобыл, Рудный және жақын маңдағы аудандардың тұрғындарын жұмыспен қамтуға ниеттіміз және оларды тасымалдауға арналған көлік қарастырамыз. Барлық қызметкерлер үшін корпоративтік жеңілдіктер жүйесін енгіздік. Тегін тамақпен қамтамасыз етеміз және корпоративтік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырамыз. Мұның бәрі зауытқа ғана емес, оның жұмысын дамытатын адамдардың жарқын болашағына салынатын инвестиция», – деді «KIA» зауыттының бизнесті дамыту және қолдау жөніндегі директоры Ерлан Төлетаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА