Көктемгі қар суы: қаладағы ахуал қалай?

Көктемгі қар суы: қаладағы ахуал қалай?

Қостанай қаласы әкімдігінде өткен аппарат жиналысында болуы мүмкін көктемгі су тасқынына дайындық шаралары талқыланды. Қала әкімі Марат Жүндібаев жергілікті атқарушы орган табиғаттың тосын мінезіне тастүйін дайын болуы қажет екенін ескертті.

Табиғаттың тосын қылығын алдын ала болжап білу мүмкін емес. Десек те, қауіпке қарсы қамданыс жасап отырғанымыз артық болмас. Осы мақсатта Қостанай қаласында су тасқынының алдын алуға және сақтануға қатысты дайындық шаралары басталып кетті. Ұзақ жылғы тәжірибені ескерсек, Қостанай қаласының аумағында су тасқыны бола қалған жағдайда шамамен мың жарым халқы бар 404 тұрғын үй су басу қаупі бар аймаққа жатады. Соның ішінде Тобыл өзенінің жағасындағы 88 үй, Красный Кузнец көшесіндегі тұрғын үйлер. “Әбіл сай” сайының бойындағы еріген қар суы да маңайындағы үйлерге айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ, 2-ші Қостанай, “Юбилейный”, “Береке”, “Аэропорт”, “Қонай” шағын аудандары мен “Дружба” тұрғын үй алабы, “Текстильщиктер” бау-бақша бірлестігі және Гагарин көшесіндегі күрежол да қауіпті аймақта. Қала әкімі аталған мекенжайларда су тасқынының алдын алу үшін барлық нөсер кәріздері мен су өткізгіш құбырларын тазалап, кейбір учаскелердегі қарды уақытында шығарып отыру қажеттігін тапсырды. Аталған жұмыстарды мердігерлер 20-наурызға дейін аяқтауы тиіс.

– “Юбилейный” шағын ауданында еріген қар суының қаупін сейілту үшін Мира көшесі және Солтүстік-Батыс шағын ауданның 71-кварталы мен “Береке” шағын ауданының арасындағы көшеде қарды тазалау жұмыстарын күшейту қажет. Оныншы наурызға дейін Назарбаев даңғылындағы көпірдің астында, Гагарин көшесіндегі, күрежолда су өткізгіш құбырларға барлау жүргізіп, артық қар суын тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Бұл бағытта қалалық ТКШ бөлімі мен “Қостанай су” коммуналдық мекемесі бірлесе әрекет етеді деген сенімдемін. Ал “Береке” шағын ауданында кәріз-сорғы станциясын салу жұмыстары жүргізілуде, – деді Қостанай қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Алмаз Тулендин.

Аталған басқарма басшысы сол жердегі “Құрылыс материалдарын сатушы сауда үйінің” басшылығынан аумақты қардан тазалауға және арнайы техникалардың кіруіне мүмкіндік жасауын сұрады. Еріген қар суының қаупін дер кезінде анықтау және сейілту мақсатында қаланың үш жерінде, “Дружба” тұрғын үй алабы, 2-ші Қостанай және “Текстильщиктер” бау-бақша қоғамдастығында кезекші пост орнатылады. Бақылау посттары күндіз-түні жұмыс істемек. Қаланың басқа аумақтары күн сайын бақылауда болады. Қала әкімі аталған тізімге Гагарин көшесіндегі күре жолды қосуды тапсырды.

– Кезекші посттар бақылауды мықтап қолға алсын. Егер төтенше жағдайлар қызметінің қолынан келмей жатса, біз көмектесеміз. Су тасқынының қаупі басым аймақтарға баса назар аудару керек. Техникаларды алдын ала әзірлеп, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет,- деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Аппарат жиналысында “Қазгидромет” РМК Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Алтынбек Кабаков алдағы күн райына қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, соңғы төрт айдағы жауын-шашынның жалпы мөлшері өткен жылғы деңгейден жоғары. 28-ақпанда жауған қардың биіктігі 24 см құрады. Бұл дегеніміз орташа жылдық көрсеткіштен 3 см және былтырғы жылмен салыстырғанда 4 сантиметрге артық. Алдағы сәуір айында ауаның орташа температурасы нормадан 1° градусқа жоғары болмақ. Жалпы, үш күнге жасалған ауа райы болжамы 80% дәл келіп жатады. Ал бір апталық болжамның сәйкес келу көррсеткіші әлде қайда төмен.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Жаңалықтармен бөлісу