29 мая, 2025
Кезекте тұрған рудныйлықтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды

Кезекте тұрған рудныйлықтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды

Рудныйда кейінгі 30 жылда алғаш рет бастан-аяқ жаңадан салынған тұрғын үйдің пәтер кілттері табысталды. Алты қабатты екі тұрғын үй кешеніне «Ayat» және «Tobyl» деген атау берілген.   

Екі тұрғын үйде 120 пәтер бар. Көп балалы отбасылар, халықтың осал топ өкілдері және балалар үйінің түлектері баспаналы болды.

Кілт тапсыру рәсіміне Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко қатысып, жылы лебізін білдірді.

 «Көп жыл бойына осы күнді күттіңіздер. Енді міне жаңа тұрғын үйдің кілтіне ие болып отырсыздар. Мемлекет басшысының қолдауымен және тапсырмасымен жергілікті билік жұмыс атқарып жатыр. Соңғы екі жылда қалада 11 көп қабатты тұрғын үй қалыпқа келтіріліп, 900 пәтер берілді. Бұл жұмыс жалғасады. Алдағы уақытта тағы да бірнеше тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Мейрам қарсаңында аналарымызды, жалпы нәзік жандыларды мерекесімен құттықтаймын. Пәтерлеріңіз ырыс пен берекеге толы болсын. Сәбидің сыңғырлаған үні жиі естілсін», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Қала әкімі үй кезегінде тұрған көп балалы аналарға жедедетіп пәтер беріп, кезекті қысқарту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Айталық, кезекте 240 көп балалы ана тұрса, оның 80-і баспаналы болған.

Екі тұрғын үйдің қазығы өткен жылдың тамыз айында қағылған еді. Енді, міне, жеті айдың ішінде толық аяқталып отыр.

Құрылыс жұмыстарын жүргізген «QC Holding» компаниясы. Аталмыш компания соңғы жылдары Рудный қаласындағы ескі үйлерді қайта жаңартумен де айналысып келеді.

«Екі тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы 12 000 шаршы метр. Үйлер жоғары сапалы құрылыс материалдарынан салынған. Жылу, су, электрқуаты еуропалық құрылғылармен жабдықталған. Пәтердің төбеінің биіктігі 3 метр болады. Терезелері кең, кірпіш сапалы. Үйге келіп тұра беруге болатындай етіп тапсырып отырмыз. Жергілікті билікке барлық жұмыстарға көмек көрсеткіні үшін алғыс айтамыз. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын. Сапасына күмәнданбасаңыздар болады. Тек жайлы өмір сүріңіздер», – деді «QC Holding» компаниясының бас директоры Нұралыхан Әмірханұлы.

Жаңа тұрғын үйден үш бөлмеге қол жеткізген жанның бірі, көп балалы ана Шолпан Нүрпейісова. Ол осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген.

 «Үй кезегінде тұрғаныма үш жыл болды. Бес ұл-қызым бар. Пәтер жалдап келіп едік, енді міне өзіміздің баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Балаларым қуанып жүр. Үйдің орналасқан жері жақсы екен. Кейінгі кезде қалада үй беру қарқын алды, оны байқап отырмыз. Кезегімді күтіп жүрген едім. Осы күнге де жеттік. Қуаныштымын», – дейді пәтер иесі Шолпан Нүрпейісова.

«Наурыз мейрамы қарсаңында баспаналы болып жатырмыз. Өзіміз отбасымызбен Өзбекстаннан көшіп келгенбіз. Келгеннен үй кезегіне тұрып қойдық. Енді міне үш бөлмелі пәтерге болдық. Құдайға шүкір деймін. Жергілікті билікке рахмет айтамын. Жалдамалы пәтерде тұрған едік. Өз үйің болғанына не жетсін», – дейді Махамбетқали Қалиев.

Тұрғын үйдің сыртқы жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жер аяғы кеңіген соң абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Яғни, аула көгалдандырылып, балалар ойын алаңы орнатылады. Тәулік бойына бейнебақылау орнатылып, көлік тұрағы салынады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК

Рудный қаласы