Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловпен бірге Қарасу ауданында болып, су тасқынына қарсы шаралардың кешенді тексерісін өткізді.
Билік өкілдері жұмыс сапары барысында гидротехникалық нысандарды аралап, су тасқыны жағдайының қазіргі күйін талдап, елді мекендерді қорғау үшін қосымша шараларды талқылады.Делегация барған маңызды нысандардың бірі су тасқыны қаупін азайтуға арналған су бұру арнасы болды. 2024 жылғы көктемгі су тасқынының салдарынан Қойбағар, Жаншора және Алабота көлдері толып, бірігіп, Қарасу, Шығыс және Жұмағұл ауылдарына қауіп төндірді.
Бұл жағдайдың алдын алу үшін 2024 жылдың қазан айынан бастап, Алабота көлінен Кұндызды өзеніне су ағызатын жасанды арна салынды. Мамандардың мәліметінше, арна арқылы су өткізу көлемі – секундына 12,2 м³. Ал тәулігіне 1 млн м³ су ағызылады. Бүгінге дейін 775,5 млн м³ су осы арна арқылы шығарылды.
Нысанда тәулік бойы тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 10 экскаватор, фронталды тиегіш, трактор және 25 маман жұмылдырылған. Жағдайды жедел бақылау үшін мобильді штаб құрылды.
Сапар барысында Қарамырза ауылына да ерекше назар аударылды. Сапар барысында Тымтәуір өзенінің оң жағалауында ұзындығы кемінде 3 шақырым болатын жаңа су бұру арнасын жедел түрде салу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба алдағы су тасқыны кезеңінде ауылды су басу қаупін айтарлықтай төмендетуге бағытталған. Облыс әкімі жауапты органдарға осы жұмыстарды шұғыл түрде орындауды тапсырды.
Жұмыс сапары аясында Обаған өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары да тексерілді. Бұл – маңызды учаске, өйткені ол өңірдегі бірнеше өзенді байланыстыратын негізгі су жолы саналады.
2023 жылдан бері Қарасу ауданында Алабота көлінен Кұндызды өзеніне, одан әрі Обағанға су жіберетін су бұру арнасының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Евро-Жоба» ЖШС мердігер ұйымы Обаған және Кұндызды өзендерінің арнасын тазарту және тереңдету жұмыстарын тәулік бойы жалғастыруда. Осы күнге дейін 12 км-ден астам учаске өңделді.
Кұндызды өзенінің жағдайына ерекше мән берілді, өйткені ол арқылы су ағызу жүзеге асырылады. Алдағы уақытта судың өткізу қабілетін арттыру және деңгейін тұрақтандыру бойынша қосымша инженерлік жұмыстар басталады. Бұл өзеннің төменгі ағысында орналасқан елді мекендерге төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.Сапар барысында Құмар Ақсақалов пен Рамиль Камалов су деңгейі төмендегеннен кейін қайта жөнделген «Қарасу – Большой Чураков» тасжолының учаскесін де тексерді. Алабота көліндегі су деңгейі түскеннен кейін бұл жолда ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді. «Евро-Жоба» ЖШС мердігер ұйымы 12 су өткізу құбырын орнатып, жолдың өткізгіштік қабілетін арттырды. Бұл су тасқыны қайталанған жағдайда жолдың бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Тексеріс қорытындысында Құмар Ақсақалов басталған жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті және жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны жағдайын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа су бұру арналарының құрылысын жеделдету және өзен арналарын тазарту жобаларын тез арада іске асыру қажеттігін айтты.
Рамиль Камалов қауіп-қатерлерге уақытылы ден қоюдың маңыздылығын атап өтіп, су тасқынының салдарын жедел жою үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Қарасу ауданындағы жағдай бақылауда. Жауапты қызметтер халық пен инфрақұрылым үшін тәуекелдерді азайту мақсатымен тәулік бойы жұмыс істеу үстінде.