“Жастар рухы” жастар қанаты “Ардагерлерді ардақтайық!” жобасын қайта бастап кетті. Қарт кісілерге көмектесіп, жыл бойы қолғабыс етіп жүр.
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қала тұрғыны Мнаура Дулатованың үйіне барып жәрдемдесті.
Мнаура Қазыбекқызының – негізігі мамандығы сатушы. Кеңес кезінде азық-түлік дүкендерінде сауда жасаған. Кейін базарда тұрып, дизель зауытында хатшы қызметте болған ол Қостанай 2 ауданында жиырма жылдан бері тұрып келеді.
“Туған жерім Ресейдің Челябі облысы. Күйеуге шығып, осында келдім. Жолдасым қайтыс болғанына сегіз жыл болды. Қызым Челябіде тұрып жатыр. Үш баласы бар. Жиі хабар алмасып, көмектесіп тұрады. Ұлым осында. Отбасылы. Кішкентайларына дәрігерлер бұл жерде тұруға болмайды дегесін Тобыл қаласына көшіп кетті. Сол жақта үй жалдап тұрады. Құрылыста жаңа жылға дейін істеп, жалақысын ала алмай жатыр”, – дейді Мнаура Қазыбекқызы.
Айына бар болғаны сексен мың теңге зейнетақы алатын қария үйінің ішіне жөндеу жұмыстарын жасай алмай отыр. Толассыз жауған қар ертең ерісе, іргені су басуынан қауіптенеді.
“Айналадағы қар ерісе, қар ерісе үйге су кіреді. Еден болса шіріп жатыр”, – деген ол биылғы қыстан зорға шыққанын айтады.
Отын алудың қамымен әкімдікке жүгінген. Қала әкімі екі рет көмір алып берді. Ағашты он мың теңгеге сатып алды. Келе жатқан сегізінші наурызда алпыс сегіз жасқа толатын кейуананың бүгінгі жағдайы осы. Соңғы уақытта денсаулығы да сыр бере бастаған.
“Жастар рухы” жастар қанатының жетекшісі Аружан Сәрсенбаеваның айтуынша, партиялықтар Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай дәстүрлі шараны кеңінен қолға ала бастаған. Қариялардың қарларын аршып, үйлерін жинап беріп жүр.
“Биыл Жеңістің сексен жылдығына байланысты қарт кісілерге жиірек баруды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері он адамға көмектестік. Соғыс ардагерлері көбінесе пәтерлерде тұрады. Бірінің үйін жинауға көмектестік. Тыл ардагерлеріне жәрдемдесеміз. Бұл жолы Халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты Мнаура Қазыбекқызына келіп отырмыз”, – дейді Аружан Сәрсенбаева.
Бұл іс-шара Қостанай қаласы әкімдігінің ұйғаруымен, партияның қолдауы арқылы жүзеге асып отырғанын айта кетейік.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді “Жастар рухы” жастар қанаты ұсынды