Астанада Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған көрме ашылды

Астанада Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған көрме ашылды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде  Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты көрме мен дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиынға белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақынның туыстары, Қостанай облысының делегациясы мен Астана қаласындағы М.Дулатұлы атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Қостанай облысы әкімі орынбасары Арман Әбенов мерейлі датаның аясында облыс көлемінде Алаш арысының елге сіңірген еңбегін атап өтіп, мұрасын халық арасында насихаттауға бағытталған 140 іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді.

Қатысушылар Міржақып Дулатұлының ағартушылық-мәдени тұрғыдан халыққа қызметін саралап, тарихи сананы жаңғыртуға қосқан үлесі мен ғылыми ізденістеріне тоқталды.

«Ұлы Дала өркениеті күйреп жатқан кезде, ақын-жыршылар мемлекеттілігімізден айрылып, бодан болдық деп айтып жүрген кезде ұлтымыздың рухани жаңғыруын жасаған осы Алаш зиялылары еді. Міржақып сынды қайраткерлер – қазақты саяси ұлтқа айналдырған тұлғалар. «Қазақ рухын оятқан тұлға» дегеніміз көркем сөз емес, бұл нақты факт», – деп атап өтті ҚР Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдары докторы Еркін Әбіл.

Көрменің ашылуына ҚР Сенаты депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Бибігүл Аккужина, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Берік Бисенғалиев пен Қазыбек Иса, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік пен Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнография институты директоры, ҚР ҰҒА мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Кабулдинов қатысып, көрменің қазақ руханияты үшін маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара «Торғай Жанкелдин музейлер кешені» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Экспозицияда М. Дулатұлының отбасына байланысты жәдігерлер жұртшылық назарына алғаш рет ұсынылып отыр.

Экспозицияда фото және архив құжаттарымен қатар М. Дулатұлы мен әйелі Ғайнижамалдың жеке заттары, балалары Әлібек пен Гүлнәрдің жеке заттары, сондай-ақ отбасында қолданған тұрмыстық заттар бар.

Көрме Ұлттық музейдің 6-қабатындағы көрме залында 27 сәуірге дейін жалғасады.

Жаңалықтармен бөлісу