Әйелдерге жүктелетін жүк ауыр. Әсіресе, қазіргі қоғамда «міндеттейтіндер» көбейді. Шындығына келгенде әйел – өз алдына жеке тұлға.
Өзінің әдемі әлемі, нәзік жаны, қолынан келсе тау қопарар күші де жеткілікті. Тек қолдау қажет, одан әрі қарқын алуы үшін әйелдер қоғамдық ортада белсенді болуы қажет.
Жалпы, мемлекетіміздің бұл тараптағы ұстанымы да айқын. Оны бүгінде әйел қауымының саясатқа, мемлекеттік басқаруға, бизнеске қатысу мүмкіндігінің арта түскенінен көруге болады.
Бүгін өңірлік коммункациялар қызметінде өткен брифингте әйелдер күштері альянсы мүшелері қазақстандық әйелдер тақырыбын қозғап, қызықты деректер келтірді.
Осы тақырыпты зерделеу мақсатында БҰҰ Әйелдер ұйымы арнайы сауалнама жүргізген. Оған қатысқан қазақстандық әйелдердің 40%-ға жуығы саясатта құқықтар мен мүмкіндіктердің жетіспейтінін айтыпты. Осы сауалнамаға біздің еліміздің 17 облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 3800 респондент қатысқан. «Әйелдің басты міндеті – отбасына жайлылық жасау, балаларын тәрбиелеу, дамыту және денсаулығын қамтамасыз ету» деген пікірмен келісетін респонденттердің үлесі – 53,6% – әйелдер, 67,9% – ерлер болып шықты. Сандық сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 54,3%-ы жаратылыстану, технология, инженерлік-математика (STEM) мамандықтары қыздарға сай емес деген пікірде. Зерттеу авторлары әрбір үшінші қазақстандық «ер» және «әйел» мамандықтары бар деп есептейді, әрбір төртіншісі еңбек жағдайлары тең емес деп және әрбір алтыншы ер әйелдерге қарағанда көбірек жалақы алады деп есептейді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, ерлердің көпшілігі (75,0%) әйелдің жұмыс істеуі және жеке табысы болуы керек деген пікірмен келіседі. Сауалнамаға қатысқан ерлердің (69,2%) әйелі немесе серіктесі олардан көп ақша таба алатынын мойындаған.
«Қоғамда гендерлік саясатқа байланысты әлі де шешілмеген мәселелер бар. Жалпы қазіргі таңда, әйелдерге қолдау көрсету, олардың саясатпен немесе қоғамдық жұмыспен айналысуына, табысты еңбек етуіне мүмкіндік беру көрсеткіші біздің елімізде, оның ішінде біздің өңірімізде жылдан жылға дамып келеді деп айтуға негіз бар. Осы бағытта Әйелдер күші альянсы өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Көбісі гендерлік саясат десе тек әйелдерге ғана қатысты деп ойлайды. Ал ол дегеніміз ерлер мен әйелдерге бірдей қатысты. Олар қоғамның барлық саласында тең құқыққа ие», – дейді әйелдер күші альянсының үйлестіру кеңесінің мүшесі Қырмызы Жаңбыршина.
Альянс мүшелерінің қолға алған бастамалары көп. Соның бірі – «Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі» жобасы.
Бүгінде мыңдаған әйел осы мектептен өтіп, өмірден өз орындарын тапқан. Қоғамдық жұмыстарға араласып, тұлға ретінде қалыптасқан. Өзіне сенімін нығайта түскен.
«Біздің мақсатымыз әйелдерді қолдап, оқыту ғана емес, өзіне сенімін нығайтып, қолынан іс келетінін ұғындыру. Бастысы талпынысы болса болғаны», – дейді альянс төрайымының орынбасары Лилия Байжанова.
Бұл мектеп қаншама әйелге жол сілтеген. Алдағы сәуір айында әйелдерді оқыту басталады. Оған ауылдағы бала бағып отырған қарапайым әйел де қатыса алады. Тек бойыңызда өміріңізді өзгертем, қоғамға үлесімді қосып, өз орынымды табамын деген құлшынысыңыз болса болғаны.
Брифингте альянстың төрайымы Римма Бектұрғанова қызықты деректерді келтірді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері саяси қызметте әйелдердің үлесі ешқашан 15% аспаған. Былтыр осы көрсеткіш мемлекеттік қызметкерлер арасында 55,7%, басшылықта бар болғаны 20,3% құраған.
«Облыс әкімдіктерінің басшылық құрамында әйелдердің үлесі бар болғаны 10%, облыстық басқармаларды негізінен ерлер басқарады, ал әйелдер орынбасарлық қызметтерде жұмыс істейді. Қостанай облысында мемлекеттік қызметшілердің 67%-ы әйелдер, басшылықта тек 11% ғана. Қазақстанда мәслихаттардағы әйелдердің үлесі орта есеппен 21% болса, Қостанай облысында бұл көрсеткіш – 34%. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Қосалқы мемлекеттік секторда да маңызды лауазымдарды негізінен ерлер атқарады. Парламенттегі жағдай үкіметке қарағанда біршама жақсырақ десе де болады, мәжілістегі 98 депутаттың 18-і әйелдер», – дейді Римма Шыңғысқызы.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА