Кәсіпкерлер палатасы инвестжобаның мәселесін шешіп берді

Кәсіпкерлер палатасы инвестжобаның мәселесін шешіп берді

Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы ТОО «Север-Охота» инвестициялық жобасы бойынша су айдындарын бекіту мәселесін оң шешуге қол жеткізді. Палатаның жедел және жүйелі араласуының арқасында құны 870 миллион теңге болатын шаян өндіру және өңдеу жобасы іске асырылу кезеңіне өтті.

Палата директоры Ренат Давлетпаевтың айтуынша, бұл мәселе алғаш рет 2025 жылдың 19 ақпанында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің отырысында қаралған. Жоба Бейімбет Майлин ауданындағы Қарасор және Аласор көлдерінде шаян аулап, оны өңдеуді көздейді. Инвестиция көлемі – 870 млн теңге, 20 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алайда жобаны іске қосудағы басты кедергі – мемлекеттік органдар тарапынан су айдындарын ұзақ мерзімге пайдалану құқығын алу мүмкін болмауы еді. Бұл әкімшілік тосқауыл жобаның жүзеге асуына елеулі бөгет болған.

Кәсіпкерлер палатасы инвестор құқығын қорғау және кедергілерді жою мақсатында шұғыл шаралар қабылдады:

  • Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Су ресурстары және ирригация министрлігіне, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-на ресми хаттар жолданды;
  • 2025 жылғы 23 маусымда мәселе бірінші Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Инвестициялар жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

Бір айдан кейін орталық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде мәселе толық шешімін тапты.
Қарасор және Аласор көлдері ТОО «Север-Охота»-ға 5 жыл мерзімге бекітілді.

Бұл жағдай кәсіпкерлер палатасы мен «Атамекен» ҰКП-ның инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және қорғаудағы тиімді жұмысының жарқын үлгісіне айналды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өңір экономикасына әсер ететін әкімшілік кедергілерді дер кезінде жоюға дайын екенін көрсетті.

Ж.Балғынбекұлы