ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жыл «Ислам және адал қоғам» жылы болып жарияланып, 2026 жылға арналған жаңа жұмыс жоспары бекітілді.
Осыған орай облыс орталығында облыстың бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Басқосуға қала және аудан мешіттерінің барлық имамдары қатысты. Жиын Құран Кәрім оқылып, бата берумен басталды.

Жиында облыстың бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалық баяндамасында айқындалған міндеттер мен тапсырмаларды кеңінен таныстырып, оларды өңірде жүзеге асыру жолдарын нақтылап өтті.

Атап айтқанда, 2026 жылы негізгі төрт бағытқа – ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр мен отбасы құндылықтарын нығайту, сондай-ақ жат діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше басымдық берілетіні айтылды. Осы бағыттар аясында облыс көлемінде жүйелі әрі мазмұнды іс-шараларды тұрақты түрде өткізу тапсырылды.
«Бұл бағыттар сіздерге таңсық емес. Осы уақытқа дейін атқарылып келе жатқан жұмыстарды одан әрі дамытып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына артылған сенім үдесінен шығу – баршамыздың имамдық әрі адамгершілік міндетіміз екенін ұмытпайық. Ихсан мен насихат ұғымдары сіздерге жақсы таныс. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы жауапты қызметке келген сәттен бастап ата-бабамыздан келе жатқан тақуалықты, адамгершілікті және көркем мінезді насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын табады. Екінші бағыт – діни оқу-ағарту. Қай заманда да білімнің бірінші орында тұрғанын жақсы білесіздер. Ислам дінінің де басты мұраты – оқу мен білімге үндейді. Сондықтан халықты білімге, ізденіске, рухани дамуға шақырып, тұрақты насихат жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Үшінші бағыт – дәстүр мен отбасы құндылықтары. Әр халықтың өз болмысы, ұлттық ерекшелігі, салт-дәстүрі бар. Ғалымдарымыз: «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – деп бекер айтпаған. Дін насихаты барысында ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, адамгершілік тәрбиені кеңінен түсіндіруіміз керек. Өткен жылы әлеуметтік желілерде шегіртке тағамына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Мұндай мәселелерде халқымызға қате түсінік бермеуіміз қажет. Біз сан ғасырдан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды сақтаймыз. Дәстүр аясында отбасы тәрбиесіне де ерекше мән беруіміз керек. Көбіне бала тәрбиесін мектепке немесе мұғалімге артып қоямыз, ал шын мәнінде тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттап, оны жастарға дұрыс жеткізу – маңызды міндет. Төртінші бағыт – жат діни ағымдардың алдын алу. Қоғамда түрлі жат ағымдар, соның ішінде тәңіршілдік және өзге де қауіпті тенденциялар кездесіп жатады. Біз жас ұрпақты мұндай теріс ықпалдардан барынша қорғауға күш салуымыз керек», – деді Бектұрсын қажы Торғайбайұлы.
Сонымен қатар облыстың бас имамы ҚМДБ төралқа мәжілісінде көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, кейбір өңірлерде мешіт пен медресе ғимараттарының салынып, бірақ тиісті құжаттары рәсімделмегендіктен пайдалануға берілмей отырғанын атап өтті. Әсіресе, жекелеген кәсіпкерлердің өз қаражатына салынған діни нысандардың ҚМДБ қарамағына өтпей, ресми түрде ашылмай қалу жағдайлары кездесіп отырғанын ескертті.
Осыған байланысты құлшылық орындарын салу барысында және пайдалануға беру кезінде құжат мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін қатаң ескертті.

Сондай-ақ алда келе жатқан ислам дініндегі ұлық мерекелердің бірі – Құрбан айт мерекесіне дайындықты ертерек бастау керектігін айтты. Айт мерекесінің тек мешіт жамағатына ғана емес, жалпы халықтық мереке екенін кеңінен насихаттап, осы бағытта арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат
АХМЕТБЕКОВ
