Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдум өткізу туралы Жарлығына сәйкес, Қостанай қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен өңірлік іскер әйелдер форумы және бірқатар кездесулер өтті.
Іс-шаралардың мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және оның мемлекеттілікті нығайтудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтудегі стратегиялық маңызын талқылау.
Жастар сарайында өткен өңірлік форумға 200-ге жуық кәсіпкер әйелдер, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Форум барысында қатысушылар конституциялық реформалар кәсіпкерлікті дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Кездесуде сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Екатерина Смышляева жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталды.

«Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізін қалыптастырады. Ол заң үстемдігін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік жасауға бағытталған», – деді депутат.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыратынын атап өтті.

«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, өңірлік коалиция төрағасы Алмат Досмұхамедов жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқықтарын қорғау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтті.
Сондай-ақ коалиция мүшелері Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституцияның мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі маңызы жан-жақты талқыланды.
Бұдан бөлек, жұмыс тобы ССГПО кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелері көтерілді. Кәсіпорын қызметкерлері жаңа Конституция еңбек құқықтарын қорғауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар коалиция мүшелері «НПО Медидез» ЖШС ұжымымен кездесті. Қатысушылар конституциялық реформалар экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Кездесулер қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы елдің стратегиялық дамуына толық сәйкес келетінін, мемлекеттік институттарды нығайтып, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құрудың берік негізін қалыптастыратынын атап өтті.
Алдағы референдум ел дамуының маңызды кезеңі екені және қоғамның әділеттілікке, тұрақтылық пен орнықты болашаққа деген ұмтылысын айқындайтыны атап өтілді. Қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысуға және елдің болашағы үшін маңызды тарихи шешімді қолдауға дайын екендерін білдірді.
