17–19 ақпан күндері І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры сахнасында көрермендерге ерекше тарту ұсынылды. Осы күндері Қостанай төріне Түркістан облыстық Қ.Жандарбеков атындағы «Жетісай» драма театры гастрольдік сапармен келіп, өз өнерін паш етті.
Үш күн бойы сахналанған спектакль көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болды. «Менің досым..» – адам жанының терең иірімдерін, достық пен адалдықтың қадірін, өмірлік таңдау мен азаматтық ұстаным мәселелерін қозғайтын тағылымды туынды. Қойылым барысында кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас, шынайы сезім мен ішкі тартыс әсерлі сахналық шешімдер арқылы көркем жеткізілді.
Режиссер Абзал Максим шығарманың идеялық мазмұнын ашуда заманауи театрлық тәсілдерді ұтымды қолданып, актерлік үйлесімді ойынын алға шығарған. Сахналық безендіру мен музыкалық көркемдеу де қойылымның атмосферасын айқындай түсті.

«Жаңа жылдағы гастрольдік сапарымыз Қостанай өңірінен бастау алып отыр. Үш күн қатарынан қойылған спектаклімізді келіп көрген көрерменнің қарасы қалың. Бұл бізді қанаттандырады, осы орайда қостанайлық көрермендерге ризашылығымды білдірмекпін. Әр сеанста бір адамға болса да ой салсақ, еңбегіміздің зая кетпегені деп білеміз», – дейді театр директоры Камал Орал Сержанұлы.
Гастрольдік сапар аясындағы бұл спектакль Қостанай көрерменіне рухани серпіліс сыйлап, екі өңір театры арасындағы шығармашылық байланыстың нығая түсуіне ықпал етті. Өнерсүйер қауым әртістердің шеберлігіне ризашылық білдіріп, қойылымды жылы қабылдады.

Бота МАНЕТ
