Ол туралы Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Тимур Хасанов баяндады.
Оның айтуынша, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл — Департамент қызметінің басым бағыттарының бірі және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың маңызды тетігі.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында заңдылық пен қаржылық ашықтық мәселелері айрықша маңызға ие болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тұрақты даму тек заң үстемдігі орнаған, әділетті мемлекет жағдайында ғана мүмкін. Мұндай қоғамда заң талаптарын сақтау — бұлжымас норма болуы тиіс.
«Қылмыстық кірістерді заңдастыру жай ғана қаржылық құқықбұзушылық емес. Бұл – заңсыз алынған қаражатты заңды айналымға енгізу арқылы бәсекелестік ортаны бұрмалап, экономика мен азаматтарға зиян келтіретін механизм. Біздің міндетіміз – мұндай схемаларды дер кезінде анықтап, жауапкершіліктің бұлжымайтындығын қамтамасыз ету», – деді Департамент басшысы.
2025 жылы Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген. Заңдастырылған қаражаттың жалпы сомасы 200 млн теңгені құрады.
Өзекті бағыттардың бірі – заңсыз микрокаржылық қызметке қарсы күрес. Елімізде 210 микрокаржылық ұйым тіркеліп, 2 миллионнан астам азаматқа қызмет көрсеткеніне қарамастан, нарықта көлеңкелі құрылымдар да жұмыс істеуде. Қарыздар бойынша берешектің жалпы көлемі 1,6 триллион теңгеден асады, оның 120 миллиард теңгесі – проблемалық қарыздар.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес микрокаржылық қызмет міндетті түрде лицензиялануға тиіс және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46 пайыздан аспауы қажет. Бұл шаралар қарыз алушыларды қорғауға бағытталған. Алайда әлеуметтік желілерде – Instagram, OLX – лицензиясыз, жылдық мөлшерлемесі 100–120 пайыз және одан жоғары “жеке инвесторлар” атынан қарыз ұсыну жағдайлары кездесуде. Соның салдарынан азаматтар қарыздық тәуелділікке түседі», – деді Тимур Төлегенұлы.
Департамент тарапынан заңсыз микрокаржылық қызмет фактілері бойынша үш қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта олар сот қарауында. Жәбірленушілер саны – 187 адам. Берілген қарыздардың жалпы сомасы 1 млрд 300 млн теңгеден асқан. Бір іс бойынша артық төлем көлемі 130 млн теңгеден асты.
Айрықша назар аудартқан жағдайлардың бірі – 13 млн теңге көлемінде қарыз рәсімдеген зейнеткерге қатысты. Нақты қолына 6 млн теңге ғана беріліп, қалған сома пайыз ретінде есептелген. Кепілге жалғыз баспанасы қойылған.
Тағы бір эпизодта заңсыз табыс жалған автосервис (СТО) арқылы заңдастырылған. Іс жүзінде қызмет көрсетілмегенімен, жалған операциялар арқылы 60 млн теңгеден астам қаражат «жылыстатылған». Іс бойынша 150 млн теңгеден астам сомаға мүлікке – пәтерлерге, автокөліктерге және банктік шоттарға тыйым салынды.
«Әрбір анықталған схема бойынша кешенді қаржылық-талдамалық зерттеу жүргізіледі, қаражат қозғалысының тізбегі белгіленіп, барлық қатысы бар тұлғалар анықталады. Мұндай әрекеттер заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық кірістерді заңдастыру ретінде сараланып, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», – деп түсіндірді Департамент басшысы.
Қылмыстық кірістерді заңдастыру өзге де санаттағы істерде анықталуда. Мәселен, есірткі құралдарының заңсыз айналымын тергеп-тексеру барысында Telegram мессенджері арқылы «Thc Seller» интернет-дүкені жұмыс істегені белгілі болды.
Есірткі сатудан түскен 101 млн теңге көлеміндегі қылмыстық табыс екі автокөлік пен мотоцикл сатып алу арқылы заңды айналымға енгізілген. Сот үкімімен айыптылар 8 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Жекелеген жағдайларда қаражат жалған азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы заңдастырылған. Мысалы, азамат «П» тауар-материалдық құндылықтарды жымқыру фактісін жасыру мақсатында туысы кәсіпкерлермен жалған жеткізу шарттарын жасасып, қылмыстық табысты заңдастырған. Қазіргі уақытта іс сот қарауында.
«Қылмыстық кірістерді заңдастыру экономикалық сипаттағы іс жүзіндегі әрбір қылмыстық істе кездеседі. Бұл – заңсыз жолмен алынған қаражатқа заңды сипат беру мақсатындағы қылмыстық әрекеттің соңғы кезеңі», – деп атап өтті Тимур Төлегенұлы.
Сондай-ақ азаматтарды дроппинг схемаларына тарту мәселесі алаңдаушылық туғызуда. Бұл – үшінші тұлғаларға банктік деректемелерін беру арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру.
«Көптеген азаматтар өз шоттарын ұсыну арқылы қылмыстық схемаға қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын түсінбейді», – деді ол.
Қорытындылай келе, Департамент басшысы:
«“Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасы – жай ұран емес. Бұл – күнделікті өмірдің қағидатына айналуы тиіс принцип. Заң баршаға ортақ әрі міндетті. Тек құқықтық нормаларды сақтау және көлеңкелі экономикаға нөлдік төзімділік таныту арқылы ғана өңірдің тұрақты дамуына және азаматтардың құқықтарын қорғауға қол жеткізе аламыз», – деп түйіндеді.
