Қазіргі инвестициялық саясат жүйелі реформаларды талап етеді. Президенттің Үкіметке жүктеген міндеттері – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадамдар.
Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін бюрократиялық кедергілерді азайтып, инвесторларға нақты кепілдіктер беру қажет. Өңдеу өнеркәсібіндегі 6%-дық өсім – оң көрсеткіш, бірақ тұрақты даму үшін құқықтық негізді нығайту керек.
Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуге тиіс. Инвесторларға жер телімдері, энергетикалық ресурстарға қолжетімділік және жұмыс күші бойынша қажетті жағдай жасалмаса, Қазақстанды айналып өтетін балама нарықтар көбейеді. Сондықтан еліміздің инвестициялық саясаты айқын, ашық әрі болжамды болуы қажет. Ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жергілікті бизнес пен шетелдік капитал арасындағы әріптестікті нығайту – басты міндет.
Президент бюджет тапшылығы жағдайында жеке инвестициялардың орнын мемлекеттік қаржымен жабу тиімсіз екенін атап өтті. Бұл өте орынды пікір. Мемлекеттік қолдау қажет, бірақ ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін бизнеске сапалы инвестиция тартып, оларды ынталандыру жүйесін күшейту керек. Шетелдік және отандық инвесторларға тең жағдай жасау маңызды.
Сондай-ақ, инвесторларды тартуда ашықтық пен заңнамалық тұрақтылықтың маңызы зор. Бизнеске бағытталған реформалардың нақты тетіктері белгіленуі керек. Қазақстандағы салықтық жүктеменің бәсекеге қабілетті болуы, құқықтық жүйенің әділеттілігі және сот төрелігінің тәуелсіздігі – инвестициялық тартымдылықты анықтайтын негізгі факторлар. Егер осы мәселелер дұрыс шешілсе, сыртқы және ішкі инвестициялардың ағыны артып, экономиканың әртүрлі секторларында жаңа жобалар іске қосылады.
Нұркелген ӨТЕУЛИН,
“Ауыл” партиясы Қостанай
облыстық филиалының төрағасы