Иесіз иттер оқшауланады

Иесіз иттер оқшауланады

Иесіз жүретін иттердің адам өміріне қауіп тудыратыны айқын. Бұрынғыдаай уақытылы ауланбағандықтан олардың саны да тым көбейіп, кез-келген жерде төбе көрсететін болды. Бұл жағдай Арқалық қаласында да жиі көрініс береді.

Иттерді қоғамнан алшақтату үшін оны аулап, оқшаулап, жеке бағымда ұстауға мемлекеттік сатып алу өткізіледі. Көбіне машақаты көп болғандықтан жеке кәсіпкерлер бұл жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Сол себепті, кейде мердігер анықталмағасын атқарушы биліктің жауапты салалары мемлекеттік сатып алуды қайталап өткізуге де мәжбүр болады.

Жалпы, ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң бойынша ит адамның денсаулығына, өміріне қауіп келтіретін болса онда оны дәрілік препараттар арқылы жоюға рұқсат берілген. Ал, былайғы жағдайда егер ол адам өміріне қауіп келтірмейтін болса иесіз жүрген иттер ұсталып, оларға екпе жасалып, арнайы чип салынып, стерилизациядан өткізіледі.

«Жаңа заң шыққанға дейін қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстарымен қалалық ветеринарлық станция айналысқан болса, қазіргі уақытта бұл жұмыстар бәсекелестік ортаға беріліп, мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз анықталады. Бүгінде аталған бағдарламалар қолға алынуда», – дейді облыстық ветеринариялық басқарманың Арқалық қаласы бойынша бас маманы Боран Бекенов.

Бұл күндері төрт бағдарламаның бірінші бағытында, яғни иттерді аулау бойынша «Бибба» жеке кәсіпкерлігі анықталған.

Иттерді бірдейлендірумен Арқалық қалалық ветеринарлық станциясы айналысатын болады. Ал, екінші және төртінші бағыттар бойынша мемлекеттік сатып алулар өткізілгенімен жеңімпаздар нақты анықталған жоқ.

Сондай – ақ, таяуда әлеуметтік желіде иесіз иттердің көптігі жөнінде таралған бейнебаянға қатысты да жұмыстар жүргізілуде. Еске сала кетсек, кейін нақтыланғанындай қаланың Автомобилист кентінің жеке шаруашылық аумағында қаңғыбас иттердің шоғыры   көрсетілген.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                       Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу