Қостанай қаласы су тасқынына дайын ба?

Қостанай қаласы су тасқынына дайын ба?

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының көктемгі су тасқынына дайындық барысын тексерді. Ол қала әкімімен, жауапты мекеме өкілдерімен, басқарма басшыларымен және БАҚ өкілдерімен бірге автобусқа отырып қаланы аралап шықты.
Орталық Тәуелсіздік көшесімен өткенде өңір басшысы бірден үйілген қарға назар аударып, неліктен әлі күнге дейін дұрыс тазаланбай жатқанын сұрап, мердігер ұйым басшысын қатаң сынға алды. Облыс әкімінің уәжіне қала әкімі жауап берді.

“Көлік және адам жүретін жолды тазартады. Ал ағаштар мен жасыл желек бар жерлерге тиіспеңдер деп мен айтқан болатынмын. Еріген соң нөсерлі кәріз желісімен өткізіп жібереміз. Ауладағы қарды мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелерінің кооперативтері тазартуға міндетті”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Құмар Ақсақалов кәсіп иелеріне өздерінің аумағын тазарту жөнінде ескерту жұмысын күшейтуды тапсырды. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ернұр Алтаев ол бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

“Бизнес өкілдеріне қар шығару жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы ұдайы ескертіліп келеді. Бүгінгі күні 800-ден аса хаттама толтырылды. Ал іргелес аумақты ластағаны үшін 200-ден аса хаттама жазылды. Біз тек ірі кәсіп иелерін хабардап етіп жатырмыз. Кіші кәсіп иелеріне келгенде даулы мәселе туындайды. Олар мүлік иелерің бірлестігіне сілтейді. Өйткені, оған да ақша төлеп отыр”, – деді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ернұр Алтаев.

Құмар Ақсақалов бас салып айыппұл жазбай, дұрыстап есертіп, мәселені жіті түсіндіру керек екенін айтты. Қалай десек те қар шығару жұмысы бәсеңдеп қалмауы керек.

“Сіздердің міндеттеріңіз айыппұл толтыру емес. Адамдарға түсіндіріңіздер. Мысалы, Тәуелсіздік көшесіндегі кей үйлер төмен орналасқан. Қарды ауланың сыртына үйгеннен пайда жоқ. Өйткені, ерігенде үйге қарай қайтадан ағады. Айыппұл ол ең соңғы шешім болуы керек”, – деді Құмар Ақсақалов.

Сапар барысында Юбелейный ауданындағы Абай атындағы мектепке барды. Мектеп ауласында қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен.

“Білім беру мекемелерінде қар шығару жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Ата-аналар, еріктілер, жоғарғы сынып оқушылары бос кездерінде көмектеседі. Ол жағынан шағым жоқ. Техника қажет болған жағдайда қала билігіне жүгінеміз. Әрдайым қол ұшын созады”, – деді облыстық білім басқырмасының басшысы Айман Ибраева.

“Алдағы 10-15 күнде мейлінше, шама жеткенше білім беру ұйымдарының ауласындағы қарды шығару керек. Бұл тек білім беру ұйымдарына ғана қатысты емес. Барлық мемлекеттік ұйымдар әрекетке көшуі керек. Бизнес нысандары қимылдауы шарт. Олар өз беттерінше қар шығаруға міндетті. Әрқашан солай болған. Көріп келе жатырмын, қар үйілген, тазаланбаған аумақ аз емес. Сол себепті полиция іске қосылуы керек”, – деді облыс әкімі.

Мектептен шыққан соң жуырда ашылған №16 бөбекжай-бақшасының жаңынан өткенде ескерту жасады. Яғни, бала-бақша аумағындағы қар неліктен әлі шығарымай жатқанын сұрады.

Білім бөлімінің басшысы арнайы техникаға өтінім берілгені, бірер күнде келетінін мәлімдеді. Қардан толық тазартылады деп уәде берді. Құмар Ақсақалов уақыт жоғалптау керектігін баса айтты.
Қала әкімі Марат Жүндібаев көшелерді тазарту жұмысы белгіленген алгоритмге сай жүргізілетінін атап өтті. Жеке сектор тұрғындарына ауласындағы қарды жол жиегіне шығарып қойса, мердігер ұйымдардың техникасы алып кететі ескертілген деді.

“Алғашқы кезекте бірінші және екінші санаттағы жолдар тазартылады. Дәл орталыққа келетін болсақ, кідіріс бар. Өйткені, кейінгі жетіде қар қайтадан жауды. Бірақ тапсырма бердік, орындалады. Қаржы жеткілікті, қосымша ақша қажет емес. Ал Қостанай-2 ауданына қатысты мәселе бар”, – деді Марат Жүндібаев.

Қостанай-2 ауданында бұрыннан сылынған жер үйлердің көбіне су кіреді. Ол мәселе ертеден бар. Ол үйлердің көбінде егде жастағы, жалғыз басты қарт кісілер тұратындықтан жергілікті билік көмекке келеді. Еріктілер де қол ұшын ұдайы созады. Айталық, біз барған Энгельс көшесіндегі жеке үйлерде еріктілер жұмыс істеп жатыр екен. Марат Жүндібаев бұл аумақта тәулік бойы бекет орнатылып, штаб жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

“Өткен жылы 375 млн теңге бөлініп, нөсерлі кәріз желісін істедік. Бүгінде жұмыс істеп тұр. Биыл да суды сол арқылы ағызатын боламыз. Жер асты суының деңгейі төмендеген. Бүгінгі күнге дейін бұл жағдай бойынша шағым түскен жоқ”, – деді қала әкімі.

Тасқынға әзірлікті тексеру барысында Әуежай ауданы, Дружба ауылы және Тобыл өзеніне іргелес аумақтар түгел қаралды. Қазіргі таңда қала аумағынан 528,7 мың текше метр қар шығарылған. Қосымша қаланың 172 ауласы қардан тазартылған. Жергілікті билік және еріктілер халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсететін болады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін қалада күштік құрылым топтары жасақталып, 400 адам, 396 техника әзірленген.

Облыс әкімі өз кезегінде қала әкімдігіне, ТЖД, полицияға және мердігерлік ұйымдарға жүктелген тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауында болатынын жеткізді. Барлық қызметтер үйлесімді және жедел жұмыс істеуі қажет екенін айтып, су тасқыны қаупінің алдын алу үшін түгел ресурстарды барынша жұмылдыру маңызды екенін жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу