«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен №8 орта мектептің 9-11 сынып оқушыларына арналған экскурсия Қостанай автомобиль көлігі колледжінде өткізілді.
Аталған жиынға 60 жуық біліп алушылар қатысты. Іс-шараның мақсаты – жастарды техникалық мамандықтардың маңыздылығымен таныстырып, болашақ кәсібін таңдауда бағыт-бағдар беру.
Экскурсия барысында оқушылар колледждің тарихы мен материалдық-техникалық базасымен танысты. Олар оқу орнының заманауи шеберханаларын аралап, автомобиль құрастыру саласының қыр-сырын егжей-тегжейлі көрді.
Білікті ұстаздар мен тәжірибелі мамандар студенттер мен оқушыларға көлік жөндеу және құрастыру процестерін түсіндіріп, тікелей шеберлік сағаттарын өткізді.
Іс-шараның ең қызықты және әсерлі бөлігі – оқушылардың автомобильдердің құрастыру процесін өз көздерімен көруі болды. Олар КамАЗ жүк көліктерінің қозғалтқыштарын жинау барысында қозғалтқыштың жұмыс принципін және оның құрылымын түсінді. Сонымен қатар, техникалық ақауларды анықтау, бөлшектерді ауыстыру және көлік жүйелерін реттеу сияқты жұмыстарды қалай жүргізетіндері туралы мәліметтер алды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған бұл экскурсия жастарды еңбек нарығының жаңа мүмкіндіктерімен таныстырып, оларды техникалық білім алу мен кәсіби шеберлікті дамытуға ынталандыруды мақсат етті. Мұндай іс-шаралар оқушыларға өз болашағын дұрыс жоспарлауға, өндірістік салаларда жоғары білікті маман болуға жол ашатыны сөзсіз.