Арқалық қаласы мен Аманкелді және Жанкелдин аудандарында болған ірі су тасқыны қостанайлықтарды бейжай қалдырмады. Облыстың барлық аудан мен қалаларында зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Гуманитарлық көмектің алғашқы легі (1000 қап, 500 жұп қолғап, күрек және т.б.) Қостанай қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясынанан келген еді.
«АМАНАТ» партиясының Қостанай облыстық филиалы Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарына жалпы көлемі 20 тонна (киім-кешек, 4 тонна картоп, 1 тонна су, 6 тонна ұн, 510 кг пияз, 350 литр күнбағыс майы, 500 кг макарон өнімі, 200 кг күріш, жеке гигиена құралдары, резеңке етік, жастық, төсек-орын) гуманитарлық көмек жөнелтті.
«Ауыл» және «Ақжол» партиясының филиалдары да қаржылай көмек көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар зардап шеккендер мен құтқарушыларды азық-түлікпен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, барынша жәрдем беруде.
Гуманитарлық көмек Астанадан көптеп келіп жатыр. Қостанай облысының тумалары, сондай-ақ алаңдаушылық танытқан азаматтар жалпы көлемі 11 тонна бірінші қажеттіліктегі (матрас, көрпе-жастық, құрал-сайман, күрек, қолғап, резеңке аяқ киім, фонарь, рация, радиоактивті телефон, шам және т.б.) заттармен гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ, Алматыдан Амангелді ауданының қабылдау пунктіне 2 тонна көмек келді.