Қостанай облысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Кеңес жұмысына облыстық салалық басқармалардың, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, өнеркәсіптік және аграрлық кәсіпорындардың, ғылыми ұйымдардың басшылары, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері қатысты.
Кеңестің мақсаты – технологиялық міндеттерді шешу және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірдегі ғылым, өнеркәсіп және билік органдары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды күшейту.

Отырыста Өңірлік кеңестің 2025 жылғы қызметі және Қостанай өңірлік және Рудный индустриалдық университеттерінде әзірленіп жатқан ғылыми жобалар туралы мәселелер қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Х. Нарымбетов Мемлекет басшысы ұлттық ғылымның ел экономикасындағы рөлін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын, оның ішінде ғылыми жобалар академиялық сауалдарға ғана емес, сонымен қатар ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктерін ескеруі міндетін қойғанын атап өтті.
Өңірдің ерекшеліктеріне сәйкес және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұсынымдары негізінде кеңес ғылымды одан әрі дамытудың 5 басым бағытын айқындады: агроөнеркәсіптік кешен; тұрақты табиғат пайдалану; минералды шикізатты қайта өңдеу және қалдықтарды қайталама пайдалану; машина жасаудағы зияткерлік жүйелерді дамыту; ақпараттық технологиялар және өнеркәсіпті цифрландыру.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу процесіне кәсіпорындарды тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сөз сөйлеу барысында Рудный индустриалдық университетінің проректоры «ССКӨБ» АҚ-мен түрлі бағыттар бойынша, оның ішінде жыл сайынғы ғылыми жобалар, білікті кадрлар даярлау, өндірістің нақты қажеттіліктеріне оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша тарихи берік байланысты атап өтті.
Өңірлік кеңес практикалық ұсыныстарды талқылау және әзірлеу, облыстағы ғылыми саясатты үйлестіру алаңына айналуға арналған.
