Ғайния ЕСЕЕВА: «Ауылыңның иесі бол»

Ғайния ЕСЕЕВА: «Ауылыңның иесі бол»

Елді азықпен қамтып отырған шаруаларға ауылда не жағдай жасалып жатыр? Тұрмыс-тіршілігі қандай? Әрине, шешімін таппай келе жатқан мәселе жетерлік. Ол жайлы «Ауыл» ХДПП Қостанай облыстық филиалының төрайымы Ғайния Есеевамен әңгімеде айтылды.

– Ғайния Қалымжанқызы, облыс мәслихатының депутатысыз, «Ауыл» партиясының көп жылдан бергі мүшесі ретінде ауыл-аймақтың тақырыбы сізге бейтаныс дүние емес. Өңіріміздегі елді мекендердің бүгінгі жайы қандай?

– Әрине, ауқымды тақырып. Бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында, сол кісінің қолдауымен жыл сайын оң өзгерістерге бет бұрып жатқан жайы бар. Өңірлерді дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Ол өзгерістерді іссапармен барғанда өзім де көріп жүрмін. Айталық, жолдар, елді мекендерді жарықтандыру, ауыз су мәселесі, тіпті көпке қолжетімсіз болып көрінген газдандыру жұмыстары да біртіндеп ауылдарға жеткізіле бастады. Оған куә Қамысты ауданының газбен жүз пайыз қамтылған Алтынсарин ауылының тұрғындары. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүзеге асырылып отыр. Шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес. Оны облыс басшысы Құмар Іргебайұлымен барған іссапарларымда ауыл тұрғындарымен ашық диалог өткізген алаңдарда көріп жүрмін. Президенттің жергілікті атқарушы органдар алдына қойған тапсырмасын аймақ басшысы оңынан бастап, елді мекендерде жақсы жұмыстар атқаруда. Халықпен кездесіп, түсіндіру іс-шараларын өткізіп, тұрғындардың шағымын тыңдап, оны шешуге тікелей атсалысып жүр. Мәселен, жоғары жылдамдықтағы интернетті былай қойғанда, әлі күнге дейін жарыққа жарымай, ауыз су тапшылығынан тарығып отырған елді мекендер бар. Жолдары жырым-жырым, жайылымы тапшы ауылдар бар. Солардың барлығы облыс басшысының жеке назарында.

– Бұл айтылып отырған проблемалар қалай шешілмек?

– Жолдар, жарықтандыру, ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары мемлекет тарапынан қаржыландырылып, арнайы жобалар арқылы жүзеге асырылып отыр. Қостанай өңірінің барлық ауылы осындай игілікке ие болады дей алмаймын. Себебі, болашағы бар, не құлдырап кеткен ауылдарға бірдей жағдай жасалмайды. Мәселен, жалпы өңірімізде 514 ауыл бар десек, оның 319-ының болашағы бар. Мемлекет тарапынан қолдауды әлі де түзеуге болатын ауылдар көрмек. Себебі тұрғындары баршылық, мектептерінде оқушылар саны жетерлік, егін егіп, мал шаруашылығын дамытып жатқан қожалықтары бар жерде оларға әрі қарай жандануға мемлекеттің қолдауы қажет.

– Шаруа қожалықтары демекші, қазір олардың ауылды дамытуға қосып жатқан үлесі қандай? Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мысал ретінде Ақмола облысына қарасты Родина ауылын кәсіпкерлерге үлгі ретінде атап өткен болатын…

– Өте орынды сұрақ. Иә, есімде. Ондай мысалдар өзіміздің Қостанай аймағында да бар. Аймақ басшысымен ауылдарды аралап, тауар өндірушілерімен кездесіп, олардың ауылды дамытуға қосып жатқан үлесіне қанық болып жүрмін. Соңғы рет Қамысты ауданының Алтынсарин ауылында болып, «Алтынсарин» ЖШС басшысы Борис Князев жасаған мұражайды, фельдшерлік орталықты, ауыл кітапханасын, жөнделген жолдарды, ойын алаңын және саябақты көріп, қатты қуанғаным рас. Өкінішке қарай, ондай мысалдар көп емес. Неге десеңіз, кейбір кәсіпкерлер пайдалануға алған егістік жерлері мен мал шаруашылығына арналған алқаптарына тұтынушылық көзқараспен қарайды. Яғни, табыс көзі. Ал сол шаруашылығын дөңгелетіп отырған ауылдың жайы, жадау реңі алаңдатпайды. Мұндай қарым-қатынас жауапкершіліктің жоқтығынан туындайтын дүние деп есептеймін. Себебі ауылдың жерін пайдаланып, мемлекеттен сол үшін қаржылай көмек көріп отырып, ауылыңа бір саябақ жасап бермеу, не бүлдіршіндерге ойын алаңын орнатып бермеу деген салғырттық. Оны әр іссапарында аудан, ауыл тұрғындарымен кездесіп жүрген өңір басшысы да қадап айтып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жеке сөйлескенде де жауапкершілікке шақыруда. Бұл құптарлық іс. Себебі барлығымыз да ауылдың көтеріліп, көркейгенін қалаймыз.

– Сонда ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне қандай талап қойылып отыр?

– «Өз ауылыңның иесі бол» деген тілек бар. Оларға ешкім де ауыз су құбырын өткіз, жол сал не жарықпен қамты демейді. Барлығы мемлекет тарапынан жасалып жатыр. Тек ауылды көріктендіруге атсалысса, тұрғындарын жұмыспен қамтыса, соның ішінде жас отбасыларды көбірек қолдап, үй-жайына көмектессе деген ниет бар. Өз ауылының жерінен пайда тауып тұрып, оны құлдыратуға болмайды ғой. Біз патриоттық жайлы көп айтамыз. Ал сол патриоттық ауылына жанашыр адамдардың ісінен білініп тұрады. Әр тауар өндіруші осы жауапкершілікті сезінгенде ғана ауылдарымыз көркейіп, адамдардың жаппай қалаға көшу процессі бәсеңдеп, ауылдан оқу іздеп келген жастар диплом алғаннан соң өз елдеріне оралуға асығар еді. Қазіргі ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген ауылдықтардың күй-жайы қандай? Көбісі жатақхана жағалап, базарларды аралап, «екі қолға бір күрек» деп жүрген жайы бар. Солар өз ауылында жұмыс болып, мектеп істен шықпай, өз жерінде қолдау көрсе, жылы ұяларын тастап кетер ме еді? Осы мәселеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің орны бөлек, көмегі зор. Сондықтан қазіргі кезде жергілікті әкімдіктер мен диқандар арасында меморандум жасалып, осы бағытта бірігіп жұмыс істеп жатыр. Қайталап айтайын, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұл істі басты назарға алып отыр. Болашақта оң нәтижесін көреміз деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Жаңалықтармен бөлісу