Геннадий Шиповских: «Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ел хабардар болуы керек»

Геннадий Шиповских: «Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ел хабардар болуы керек»

Бүгін Қостанайға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских келді.

Халық қалаулысы облыстағы су тасқынынан кейінгі атқарылып жатқан шаралармен танысты.

Эвакуациялық орталықтар мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінің жұмысын білді.

«Дружба» оңалту орталығында болды.

«Елде Тасқын су басталғалы Қазақстан Парламент Сенатының депутаттары апат болып жатқан өңірлерді назарына алып келеді. Атқарушы билікпен кездесіп, халықтың жанынан табылуды мақсат етеді. Осыған байланысты, зардап шеккен тұрғындардың шығынын өндіруге жәрдем беретін комиссия құрылды. Келген зақымға байланысты шығындарды есептеп, халықтың игілігіне орай жұмыс атқарылады», – деп түсіндірді сенат депутаты.

Осының алдында Шиповских бастаған делегация Ақмола облысына барып қайтты.

Басты бағыт –жергілікті билік пен халықтың арасындағы координацияға көз жеткізу, көрсетілетін көмектің жай-жапсарын білу.

«Қостанай облысындағы судың келу мөлшері Орал мен Атыраудан кем болған. Бұл жақта да алапат су тасқыны болды. Әйтсе де Қостанай халқының мойымағаны, дәл сол кезде бірігіп, осы апатпен күрескені қатты таңқалдырды. Атқарылған жұмысты көріп, қол ұшын созуға қандай механизмдер керегін білдік», – дейді бір сөзінде депутат.

Елді қазір «кеткен мал-мүлкінің құны әділ қайтарыла ма?» деген сұрақ алаңдатып отырғаны жасырын емес.

Ешқандай зардап шеккен азаматтар назардан тыс қалмайтынын Мемлекет басшысы кесіп айтқан болатын.

«Тасқын судан зардап шеккендерге жергілікті Ассамблея өкілдері жан-жақты көмек беріп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы, бұл облысқа 227 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді деп естіп жатырмыз. 277 млн теңге қаражат жиналып, зардап шеккен отбасыларға ақшасын аударыпсыздар. Бөгеттерді қайта қалпына келтіруге жастар жағы да көмек беріп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ел білуі керек», – деп атап өтті депутат.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев 

Жаңалықтармен бөлісу