Федоров аудандық орталық кітапханасының бастамасымен тағылымды іс-шара болды. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларының қатысуымен «Аңызға айналған жауынгер – Бауыржан Момышұлы» атты әдеби қонақ бөлме өтті. Бұл іс-шара соғыс қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» орденінің иегері Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Кездесудің басты көздегені жас ұрпаққа ер тұлғаның өмір жолын таныстыру, оның ерлігі мен рухани мұрасын насихаттау, патриоттық тәрбие беру. Іс-шара барысында оқушыларға арналған тақырыптық таныстырылымдар мен бейнероликтер көрсетіліп, мұрағаттық фотосуреттер мен деректі материалдар ұсынылды. Бұл көрнекі дүниелер арқылы оқушылар Бауыржан Момышұлының әскери жолын, ерен ерлігін жан-жақты танып білді.

Кітапханашы өз сөзінде батырдың адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген тұлға екенін ерекше атап өтті. Оның ар-намысқа адалдығы, темірдей тәртібі, сөзіне беріктігі мен талапшылдығы жас буын үшін үлгі екені айтылды. Сонымен қатар батырдың әскери психология мен тактика саласындағы көзқарастарына да қысқаша тоқталды. Іс-шара барысында Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасына да кеңінен назар аударылды. «За нами Москва» және «Ұшқан ұя» шығармалары негізінде оқушылар батырдың өмірлік ұстанымдарын, туған елге, отбасына, Отанға деген сүйіспеншілігін талдады. Әсіресе «Ұшқан ұя» кітабындағы ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, ата-анаға құрмет туралы ойлар жасөспірімдерге үлкен әсер қалдырды.
Тағылымды кездесу соңында жазушының негізгі еңбектері қойылған кітап көрмесіне шолу жасалып, оқушыларға кітап оқу арқылы тарихи тұлғаларды тереңірек танудың маңызы түсіндірілді. Қатысушылар батырдың ерлігі мен өнегелі өмірі ел жадында мәңгі сақталатынын айтып, әсерлі ойларымен бөлісті. Мұндай мазмұнды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, тарихи сананы нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Федоров ауданы
