Халықаралық еріктілер жылы аясында Науырзым ауданы жастары дәстүрлі түрде «Қар десанты» акциясын өткізіп келеді. Аталған бастама жыл сайын жүзеге асырылып, қыс мезгілінде көмекке мұқтаж ата-әжелерге нақты қолдау көрсетуді мақсат етеді.
Акция барысында жастар жалғыз тұратын қариялардың үйлеріне барып, аулаларын қардан тазартып, отын-суын әзірлеуге көмектеседі, қажет болған жағдайда ағаш жарып, үй шаруасына да қолғабыс көрсетеді.

Жалғыз тұратын ата-әжелердің басым бөлігі әлеуметтік көмек қызметкерлеріне тіркелгенімен, көп жағдайда «бәрі жақсы», «көмек қажет емес» деп, жәрдемнен бас тартып жатады. Кейде ұяңдық, кейде өзгені әуреге салғысы келмейтіндері тағы бар. Соған қарамастан, еріктілер мүмкіндігінше үйлеріне барып, күнделікті тұрмыста қажет көмектерін көрсетіп жүр. Кейін бұл көмекке риза болып, баталарын беріп жатады.
Жастар көмегі жыл бойына үзілмейді. Күз мезгілінде отын дайындауға, бау-бақшадағы өнімді жинауға жәрдемдессе, жаз айларында есік алды мен аула тазалау жұмыстарына белсене қатысады.
– Бұл акция бізде бір реттік шара емес, жыл сайын жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр. Қыстың қақаған аязында жалғыз тұратын ата-әжелерге көмектесу – жастардың азаматтық парызы. Үнемі барып көмектесіп тұратын қарияларымыздың бірі Сидаренко Михаил атамыз. Ол кісінің алғысы мен батасы бізге үлкен күш береді, – дейді Науырзым ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Хаудан.
Акцияға белсене қатысып жүрген ерікті жастар көмекке келуге әрқашан әзір. Осындай игі бастамалар арқылы Науырзым жастары қоғамда мейірім мен жанашырлықты нығайтып, еріктілік мәдениетін дамытып келеді. Қарияға көрсетілген қамқорлық – ел болашағына салынған берік негіз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы
