«Қостанай таңы» газеті Жеңіс күніне орай жариялаған «Ерлікке тағзым» атты эсселер байқауына өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Естеріңізге саламыз, қатысушылар жасына шектеу қойылмайды. Баршаңызды белсенділік танытуға шақырамыз. Ал, әзірге, алғашқы үміткерден келіп түскен эссені назарларыңызға ұсынамыз.
Ұлы Жеңіс ізі
Соғыс уақытының барлық ауыртпалығын арқалап, ерлікпен өткен ардагерлер қатары жыл өткен сайын азайып келеді. Ұлы Отан соғысының қаһармандары үшін біздің қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – олардың нағыз ұлы Жеңісін қастерлеу және қастерлі түрде есте сақтау. Осы ащы естеліктерді жеткізу арқылы біз болашақта соғыссыз әлем құрып жатырмыз.
Менің нағашы атам Қызылбай Нұрғазин – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Өзім бала болсам да, қанқұйлы шайқастың қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелгенін жүрегіммен сеземін. Оны атам ашып айтпаса да, жүзінен сезілетін дейді көзін көргендер. Бүгінде Қызылбай атам өмірден озған. Атам Қызылбай Нұрғазин 1909 жылы Торғай кентінде туған. Иванов мектебінің екі сыныбын бітіріп, аудан мекемелерінде қызмет істеген. 1941 жылы соғысқа алынған. Бұл кісінің майдандағы ерліктері туралы Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықов, басқа да жергілікті авторлар бірнеше рет жазды. Барлауға барған бір сапарында 15 немісті тұтқынға әкелгені бір төбе. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, басқа да жауынгерлік наградалары соның айғағы. Соғыстан оралған соң, атам бірталай қызметтерді атқарды. Аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде бастық болды. Кейін «Үшінші Интернационал» ұжымшарын басқарды, «Бестау» кеңшарында бөлімше меңгерушісі, Шилі жұмысшылар кооперациясының төрағасы қызметтерін атқарды. Нағашы атам 1980 жылы қайтыс болды.
Мен атамды көрген жоқпын. Егер мен атамды тірі күнінде көргенімде ғой! Өзіме ғана емес, әулетіміздің тарихына да қатысты небір қызықты жайттарды біліп алар едім. Өйткені, майданда соғысқан адамдардың тағдыры бөлек. Бірақ нағашы атам туралы, оның соғыстағы ерліктері жайлы жазылған туындылар, өлеңдер бір төбе. Бізге ол құнды. Мәңгілік естелік. Біз жыл сайын ата рухына тағзым ретінде 9 мамырда еске алып, құран бағыштаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, Алматының Жеңіс саябағындағы мемориалдық тақтаға Қызылбай Нұрғазин атамыздың есімі жазылған. Бұл біз үшін зор мақтаныш!
Ауылға барған сайын ескі альбомды ақтарып, атамның суреттеріне қарап, патриоттық сезімнің ұшқыны ұялайды. Атамның суреттері мен үшін алтыннан да қымбат қазына. Әжемнің көзінің қарашығындай сандығында сақталған атамның медальдары мен ордендеріне қарап, төбем көкке жетердей ерекше бір мақтаныш сезіміне бөленемін.
Біз, еліміздің жас ұрпағы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың ерлік істерін мәңгі есте сақтаймыз. Болашағымыз үшін жанын қиған батырлардың есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біз өз өмірлерін аямай, келешек ұрпақ үшін азаттық пен бақытқа қол жеткізгендерді ешқашан ұмытпаймыз. Жеңіс күні баршамыз үшін ең қасиетті мерекелердің бірі деп білемін. Жастардың бойына осы Жеңістің ұлылығы мен маңызын насихаттау өте маңызды.
Ешкім де, ешқашан да ұмтылмайды.
Айым АБДУҒАЛИЕВА,
Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының оқушысы