Қостанайда тасқын суды қызықтауға жиналған тұрғындар, босқа сабылып жүрген жұрт құтқару, алдын алу шараларын жүргізуге кедергі келтіріп жатыр. Осыған байланысты, тәртіп сақшылары халыққа үндеу жариялады.
Қазір жағалауда, көпірлер мен төменгі көшелерде бейсауат жүрген тұрғындар көбейіп барады. Басым көпшілігінің “мақсаты” белгілі – су басып, ағын алған аумақтарды, нысандарды “тамашалау”, фото-видеоға түсіру, тікелей эфирге шығып, желі қаһарманына айналу. Онсыз да тасқынға қарсы іс-шаралды әзер үлгертіп жүрген тәртіп сақшылары “қызық қуғыштарды” тоқтатуға артық уақыт пен күш жұмсауға мәжбүр. Әрине, араларында дүние-мүліктеріне алаңдаушылық білдіріп жүрген адамдар да бар.
“Көпір арқылы еш қажеттіліксіз “саяхаттайтын” адамдар өте көп. Мүлкі үшін алаңдайтын тұрғындардың да бар екенін жасырмаймыз. Полиция мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Осы орталық көпір қалаға қатынайтын жалғыз жол екенін білесіздер. Қазіргідей алас-күлес эвакуация уақытында кептеліс тудырмауларыңызды, сабыр сақтауларыңызды сұраймыз”, – дейді облыстық ПД өкілдері.
Біреуге қайғы, біреуге хайп. “Шағала” жағалауындағы жағдайды білуге барған әріптестеріміздің айтуынша, еріктілерден гөрі еріккендердің саны көп.
“Өздері қолдарына күрек ұстап, қолғабыс еткісі келмейді. Онысымен қоймай, әр тұстан жағалауға қарай жүгіріп, полицейлердің ескертуіне құлақ асқысы жоқ. Көліктерімен арлы-берлі жүріп, кептеліс тудырып, кедергі жасап жатқандар қаншама”, – дейді жағдайға куә болған әріптесіміз.
Қысылтаяң уақытта жағдайға терең түсінікпен қарап, пайда тигізбесек де, басы артық зиянымызды да келтірмеуге ұмтылайықшы, жерлестер!