БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Қостанайдағы «ALPAMYS GROUP» компаниясы бірқатар журналистерге құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалады.
Іс-шара барысында компанияның PR директоры Аида Бажирова БАҚ өкілдерін қалада бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарымен таныстырып, алдағы уақытта арнайы пресс-тур ұйымдастырылатынын жеткізді. Бұл бастама журналистердің өңірдегі маңызды жобалармен жақынырақ танысуына мүмкіндік бермек.
Марапатталғандардың қатарында «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин мен газет тілшісі Қымбат Досжанова да бар.
«Журналист еңбегінің еленуі – үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұндай құрмет жаңа ізденістерге жігерлендіріп, қоғам үшін маңызды тақырыптарды көтеруге шабыт береді. Көрсетілген сый-құрмет үшін алғысымды білдіремін», – дейді Қымбат Досжанова.
Қалам иесіне көрсетілген құрмет – сөз құдіретіне деген құрмет. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, ақпарат саласы мен бизнестің өзара ынтымақтастығы арта берсін!
