Сақтық – судағы қауіптің басты қалқаны

Сақтық – судағы қауіптің басты қалқаны

Жаз шыға жағажайлар мен өзен-көлдердің жағасы демалушыларға толады. Алайда дәл осы кезеңде судағы қауіп те еселене түседі. Биыл Қостанай облысында суға кетудің бірнеше қайғылы дерегі тіркеліп, оның ішінде балалардың қаза болуы жағдайы да бар.

Осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін қалалық жағажайда құтқарушылар, дәрігерлер мен педагогтар бірлескен тәжірибелік іс-шара өткізіп, балаларға судағы қауіпсіздіктің ең маңызды қағидаларын көрсетті.

«Қауіпсіз жаз – қауіпсіз су» атты ауқымды ақпараттық-тәжірибелік пресс-тур форматына ұйымдастырылған іс-шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Білім басқармасының өкілдері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, журналистер және «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

Алғашқы бөлімінде құтқарушылар биылғы шомылу маусымындағы ахуалға тоқталды. Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде орын алады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейту мен тұрғындардың жауапкершілігін арттыру басты міндеттердің бірі саналады.

blank

Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров балалар қауіпсіздігіне ата-аналардың жауапкершілігі ерекше екенін айтты.

blank

«Биыл мамыр-маусым айларында облыста үш баланың суға кету дерегі тіркелді. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі рұқсат етілмеген су айдындарында болды. Осы ретте барлық ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Жаз мезгілінде балалардың қайда жүргенін, кіммен демалып жатқанын үнемі бақылауда ұстау қажет. Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасының назарында болуы тиіс», – деді Ардақ Бегатаров.

Ресми бөлімнен кейін қатысушыларға құтқарушылар қолданатын арнайы техника мен жабдықтардың көрмесі таныстырылды. Жағажай аумағына құтқару қайықтары, сүңгуірлердің жабдықтары, гидрокостюмдер, құтқару кеудешелері, шеңберлер, құтқару арқаны, байланыс құралдары және басқа да арнайы техника қойылды. Құтқарушылар әр құралдың қандай жағдайда қолданылатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, олардың жұмыс істеу тәртібін көрсетті.

blank

Балалар гидрокостюмдерді жақыннан көріп, құтқарушылардың күнделікті қызметімен танысты.
Суда барлық сақтық шарасын сақтап, қарапайым ережелерді бұзбай, сабақ алу үшін үшін «Соңғы жүзу» атты инсталляция қойылды.

Яғни, арнайы алаңға Қостанай облысының су айдындарында қаза тапқан азаматтардың құрметіне құтқару кеудешелері ілініп, әрқайсысына қайтыс болған адамның жасы, оқиға болған жері, қайғылы жағдайдың себебі мен мән-жайы жазылған ақпараттық парақтар ілінді. Ұйымдастырушылар мұндай көрнекі тәсілдің адамның өмірі қаншалықты қымбат екенін еске салып, қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамаудың маңызын жеткізгенін айтты.

blank

Одан кейін жиналғандар шартты түрде ұйымдастырылған құтқару операциясын тамашалады. Сценарий бойынша суға адам батып кеткені жөнінде белгі түскеннен кейін жедел-құтқару жасағы арнайы қайықпен оқиға орнына жетіп, зардап шегушіні судан алып шықты.

Құтқарушылардың әрбір әрекеті түсіндіріліп отырды. Артынша Апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетудің кезеңдерін көрсетті. Олар алғашқы тексеру жүргізіп, жүрекке жанама массаж жасау мен жасанды тыныс алдыру тәсілдерін орындап, кейін зардап шегушіні зембілге салып қауіпсіз жерге көшірді.

Балалар үшін де арнайы танымдық бағдарлама әзірленді. Олар судағы қауіпсіздік тақырыбындағы викториналарға қатысып, құтқару шеңберімен эстафеталық ойындар ойнады. Ойын барысында балалар қауіпсіздік ережелерін жеңіл әрі қызықты форматта меңгерді.

blank

Мектеп оқушысы Милана Дементьева мұндай кездесуден көп пайдалы мәлімет алғанын айтты.

«Біз құтқарушылардың арнайы техникасын көрдік, гидрокостюмдерді ұстап көрдік. Су жағасына үлкендердің қарауынсыз баруға болмайтынын тағы бір рет түсіндік. Құтқару кеудешесін киюдің қаншалықты маңызды екенін білдік. Осындай қызықты шара ұйымдастырғандарыңызға рақмет», – деді ол.

Облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Жалғасбек Маратов сүңгуірлердің жабдықтары туралы кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, әрбір құтқарушының өзіне арналған жеке гидрокостюмі, тыныс алу баллоны мен су астында жұмыс істеуге қажетті құралдары болады. Бұл жабдықтар адамның су астында ұзақ уақыт жұмыс істеуіне, қауіпсіз қозғалуына және төтенше жағдайда жедел әрекет етуіне жағдай жасайды.

blank

Ал облыстық ТЖД сүңгуір-құтқару бөлімшесінің жетекшісі Алексей Лавриченко ағысы қатты суда жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

«Қатты ағыста жұмыс істеген кезде сүңгуірлерге салмағы 32 келіден асатын арнайы жүк тағылады. Ал тыныс алу аппаратының өзі шамамен 30 келі тартады. Мұндай салмақ су астында орнықты жұмыс істеуге қажет. Егер жағдай жеңілдеу болса, жеңіл салмақтағы жүк пайдаланылады», – деді ол.

Құтқарушылар жағажайдағы қауіпсіздік жүйесі туралы да мәлімет берді. Мамандардың айтуынша, жағажайда шомылуға арналған аумақ арнайы белгілермен шектелген. Ол шекарадан асып жүзуге қатаң тыйым салынады. Жағажайда құтқарушылар мен сүңгуірлер күн сайын кезекшілік атқарып, демалушылардың қауіпсіздігін бақылап отыр.

blank blank

Мамандар судағы қарапайым қауіпсіздік қағидаларын тағы бір мәрте еске салды. Олар тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға, балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға, мас күйде суға түспеуге және ескерту белгілерін қатаң сақтауға шақырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

суреттерді ұсынған – ТЖД баспасөз қызметі