ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Сапар барысында әлеуметтік саланың түйткілдері пен цифрлық жаңалықтар талқыланды.
Сапар аясында вице-министр өңір тұрғындарымен кездесіп, оларды жеке мәселелері бойынша қабылдады және бірқатар әлеуметтік маңызы бар мекемелерді аралады.
Министрлік өкілі жұмыспен қамту саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, «Электрондық еңбек биржасы» порталына жасанды интеллект технологияларын енгізу, әлеуметтік қызметтерді біріздендіру және аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру жолдары қарастырылды.
Павлодар облысында сынақтан өтіп жатқан «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы жасанды интеллект арқылы жұмыс табудың тиімді тәсілі ретінде мысалға келтірілді.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын тікелей қойды.
Мәселен, «Радуга» мүгедек балалар аналарының қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Колоскова қалада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инватакси қызметі алынып тасталғанын жеткізіп, әлеуметтік саладағы бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді.

Вице-министр тұрғындар тарапынан көтерілген барлық сауалдар мен ұсыныстар министрліктің қатаң бақылауында болатынын атап өтті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
