Ең жас әкім Амангелдіде

Ең жас әкім Амангелдіде

Қостанай облысы бойынша ең жас ауыл әкімі Амангелді ауданының Қарасу ауылдық округінде жұмыс істеп жатыр. 29 жастағы Еламан Құлахметов жерлестерінің сенімін ақтауда. Ал ең ересегі 64 жаста.  Егде жастағы әкім – Қарабалық ауданы Өрнек ауылдық округінде.

Облыста нақты 3 050 мемлекеттік қызметші жұмыс істеп жатыр. Аталмыш салада 273 бос жұмыс орны бар. Келер жылы конкурстық іріктеу тәртібіне өзгерістер енгізіліп, бос орындар толығады деп болжануда.

Қазір облыс аумағында 196 ауыл әкімі қызмет етуде. Ауыл әкімдердің 83%-і ер, 17%-і әйел. Ал орташа жас көрсеткіші – 45-46 жас аралығында.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәслихатына қатысқан сала мамандары толығырақ мәлімет берген еді. Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді іріктеу конкурсының тәртібі оңтайландырылады. Нәтижесінде іріктеу кезеңі мен конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі қысқарады. Бұл қадам мемлекеттік органдардағы маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге жол ашпақ.

«Осы және басқа да өзгерістер мемлекеттік қызметке жастардың көбірек келуіне мүмкіндік сыйлайды. Қазірдің өзінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 30%-і 35 жасқа дейінгі тұлғалар. Сонымен қатар, мемлекеттік грант бойынша білім алған және GPA көрсеткіші кемінде 3,33-тен төмен емес жоғары оқу орнының түлектерін мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тетігі қарастырылған. 2025 жылы осы ереже бойынша 18 түлек қабылданды. Бұл ереже енгізілгеннен бері барлығы 55 адам жұмыспен қамтылды. Жергілікті кадрлық резерв қатысушыларының 72%-і басшылық лауазымдарға тағайындалды», – деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Шагирова.

Биыл ауылдағы атқарушы органдарда еңбек етуге барған 13 жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алды. Президент жуырда өткен ауыл әкімдерінің форумында елді мекендерді қажетті кадрмен қамту турасына ерекше тоқталғаны есте.  Бұл тұрғыда астықты аймақ әкімдерінің тәжірибесі де біліктілігі де баршылық.

Гүлнәр Қуанышқызының айтуынша, ауыл әкімдерінің 95%-і жоғары білімді. Қалған 5%-і орташа кәсіби білім иелері. Ауыл басшыларының көбісі экономика және қаржы, заң, мемлекеттік басқару мен менеджмент мамандықтары бойынша оқыған. Отыз әкімнің педагогикалық білімі бар. Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілдері 14 жылдан кем емес.

Қымбат ДОСЖАНОВА