Үздіктер облыс төрінде

Үздіктер облыс төрінде

Қым-қуыт тіршілікпен жарыса жүріп күнтізбенің соңына қалай жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Санаулы күндерден соң «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа!» деген тілекпен бір қадам алға жылжимыз.

Жыл айрығында әр сала атқарған қызметін пысықтап, түйіндеп жатыр. Биылдыққа талмай ізденіп, еңбектенген үздіктер лайықты марапаттарға ие болуда.

blank blank blank blank blank blank blank Оқуда озат, спортта алда, өнерде биіктен көрінген қостанайлық дарынды балалар легі бүгін облыс орталығына жиналды.

blank blank blank blank blank blank Аймақтың әр аудан, қаласынан келген 200 балаға арнап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды. Мерекеге аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, 9 және 13 жас аралығындағы ұл-қыздар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар кішкентайлар, волонтер оқушылар қатысты.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank Өнер байқаулары мен спорт сайыстарының, пән олимпиадаларының жүлдегерлері де осы жерден табылды. Үздіктер кешіне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп, жас ұрпаққа Президенттің жылы лебізін жеткізді.

«Еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған бала үшін Жаңа жылдық ертеңгіліктер өтуде. Бұл сәт – сіздер ең жақсы көретін, ғажайыпқа толы мереке. Осы залда облысымыздың ең үздік балалары жиналып отыр. Сіздер оқуда, спорт және шығармашылық саласында үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Бұл – ең алдымен ата-аналарыңыздың, жақындарыңыздың, ұстаздарыңыздың, тәрбиешілеріңіздің еңбегі. Өнегелі тәртіп, жоғары көрсеткіштеріңіз үшін әрқайсыңызға алғыс білдіремін. 2025 жылды жақсы нәтижемен аяқтадыңыздар. 2026 жылы одан да биік белесті бағындыруға тілекшімін. Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты балалар», – деді Қостанай облысының әкімі.

blank blank blank Аймақ басшысының құттықтауынан соң қаладағы өнерлі балалардың үздік ұжымдары сахнаға шықты. Бұл кеште ән мен би, көңіл сергітер қойылымның сан түрі ұсынылды. Ауылдар мен аудан орталықтарынан келген балалар да ертегі кейіпкерлерінің киімдерін киіп алған. Бірінен-бірі өтеді.

blank blank blank blank blankҚарасаң көз тоймайды.

blank

Қатысушылардың көңіл күйін, пікірін білу үшін бірнеше баламен сұхбаттасқан едік. Солардың бірі – Жангелдин ауданы, Торғай ауылынан келген 4-сынып оқушысы Айзере Маратқызы.

«Мен би үйірмесіне қатысамын. Математикадан алғырмын. Ғылыми жобалар байқауында бақ сынадым. Сынып жетекшім Бекмурзина Сәуле Тоқтарқызы жан-жақты дамуыма бағыт-бағдар беруде. Менің жан-жақты болып өсуіме көмегін беріп отырған ұстазыма шексіз ризамын», – деді Ш.Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебінің шәкірті Айзере Маратқызы.

Рудныйдан келген Кәусар Қасымбек биыл қалалық, облыстық пән олимпиадаларында жүлдегер атаныпты. Республикалық деңгейдегі білім жарысына да қатысқан.

«Ясауитану» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінде жеңімпазы атанып, республикалық сатысы – Түркістан қаласына барып келдім. Мектебімде «Жыл оқушысы» атандым. Әсіресе, өнерге жақынмын. Бос уақытымда домбыра тартамын, ән айтқанды ұнатамын», – деді Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Кәусар.

Талантты қыз өскенде өнер-білім саласында еңбек етуді армандайды.

Бейімбет Майлин ауданындағы Набережный жалпы білім беретін мектебінің шәкірті Бекжан Әбдулмансұр болашақ спортшы.

Ол баскетбол, теннистен бастап ұлттық ойын асыққа дейін шебер ойнайды. Сабағы да жақсы екен.

«Президент атынан ұйымдастырылып отырған шырша кешіне бірінше рет қатысудамын. Өте қызықты өтуде. Мен үшін бүгінгі мерекеге келудің өзі үлкен бақыт. Бұл әрбір баланың арманы деп ойлаймын. Бізге естен кетпес көңіл күй сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін», –деді 7 а — сынып оқушысы Бекжан.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Шырша мерекесінде әрбір қатысушыға заманауи ұялы телефондар, «Волшебное путешествие по стране Казахстан» кітабы және тәтті сыйлықтар табысталды.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ