Бүгінде еліміздің жастары үшін мүмкіндік көп. Білім алу, мансап құру, кәсіп ашу, өзін-өзі дамыту жолдары ашық. Алайда бір ғана қателік – ойланбай жасалған әрекет немесе заң бұзушылық. Бұл теріс істер осы мүмкіндіктердің бәріне тосқауыл қоюы мүмкін.
Қостанай облысы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті әр азаматтың соттылығының бар-жоғы туралы анықтама алу құқығы бар екенін еске салады. Бұл құжатты eGov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы тегін алуға болады.
Неліктен «таза» өмірбаян маңызды?
Соттылық – жай ғана дерекқордағы белгі емес. Ол адамның бүкіл өміріне әсер ететін маңызды фактор. Сотталған азаматтардың алдынан бірнеше тосқауыл шығады. Айталық, олар мемлекеттік органдарға, құқық қорғау саласына, білім беру және балалар мекемелеріне жұмысқа тұра алмайды, мемлекеттік бағдарламалар мен конкурстарға қатыса алмайды және шетелге шығуға, виза немесе жұмысқа рұқсат алуға шектеуге тап болуы мүмкін. Тіпті соттылық өтелгеннен кейін де, бұл мәліметтер тексерулер барысында ескерілуі ықтимал.
Статистика не дейді?
Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 11 айында Қазақстан бойынша 27 мыңнан астам адам сотталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға аз. Жас ерекшелігі бойынша 14–15 жас – 97 адам, 16–17 жас – 540, 18–29 жас – 9031, 30–39 жас – 9728, 40 жастан жоғары – 7653 адам.
Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан жүктеледі. Олардың қатарында адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, тонау, ұрлық, адам ұрлау, араздық қоздыру сынды қылмыстар бар. 14–15 жастағы жасөспірімдер арасында ең көп тіркелген қылмыстар – ұрлық, тонау және ауыр дене жарақатын келтіру. Бұл жас санатындағы қылмыстардың үлесі 71 пайыз. Ал 16–17 жастағылар көбіне ұрлық, тонау, бұзақылық, есірткіге қатысты қылмыстар мен бопсалау үшін жауапқа тартылған.
Қостанай облысында 2025 жылы 1131 адам сотталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға көп. Оның ішінде 18–29 жас аралығында – 310 адам.
Бір қателік — бір тағдыр
Кейде адамдар болашағын басталмай жатып-ақ бүлдіреді. Ұялы телефон ұрлау, төбелеске қатысу, есірткі қолдану немесе интернетте әдепсіз материал тарату – мұның бәрі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Ал жылдар өткен соң мұндай адамдар мемлекеттік қызметке тұра алмайды, жұмысқа қабылдауда тексеруден өтпейді және қоғам сенімінен айырылады. Ең қиыны – мұның салдары тек өзіне ғана емес, балаларына да әсер етеді.
Қазіргі заманда адамның беделі мен өмірбаяны дипломнан кем бағаланбайды. Жұмыс берушілер, оқу орындары мен халықаралық ұйымдар заңға бағынатын, адал азаматтарды таңдайды. Қателік бір сәтте жасалады, ал оның салдары өмір бойы ілесуі мүмкін. Сондықтан әрбір жас өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, болашағын ойлағаны жөн. Заңға бағыну – әлсіздіктің белгісі емес. Бұл – өзін, ата-анасын және болашақ ұрпағын құрметтейтін саналы адамның таңдауы.
Қостанай облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті жастарды жауапкершілікке, заңға құрметпен қарауға және өз абыройын сақтауға шақырады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
